Әлеуметтік әділдік – инклюзивті қоғамның берік негізі

 

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам үшін аса маңызды, терең мағынасы бар мәселелерге арнайы тоқталды. Соның ішінде жастарға, әйелдерге және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған квоталарды сақтап қалу жөніндегі ұстанымы – әлеуметтік әділдік қағидатына адалдықтың айқын көрінісі.

Президент атап өткендей, бұл квоталар – белгілі бір топқа берілген артықшылық емес, керісінше, қоғамдағы тең мүмкіндікті қамтамасыз ететін маңызды тетік. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар мен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – өркениетті мемлекеттің басты өлшемдерінің бірі. Олардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірге белсенді араласуына жағдай жасау – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Психологиялық-педагогикалық түзеу саласында еңбек етіп жүрген мамандар үшін бұл ұстанымның маңызы ерекше. Себебі біз күнделікті жұмыс барысында әр баланың мүмкіндігі мен әлеуетін ашу үшін тең жағдай қажет екенін терең сезінеміз. Инклюзия – тек білім беру жүйесінің емес, тұтас қоғамның мәдениеті мен санасының көрсеткіші.

Сонымен қатар Президент партиялардың Парламентке өту межесіне қатысты айтқан пікірінде де әділ бәсеке мен тең өкілдік қағидатын алға тартты. Бес пайыздық меженің сақталуы саяси әртүрлілікті қамтамасыз етіп, түрлі көзқарастардың заң шығарушы органда көрініс табуына мүмкіндік бергені бүгінгі тәжірибемен дәлелденіп отыр.

Қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайда айтылған бұл бастамалар қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға, әр азаматтың үні естілуіне бағытталған. Әлеуметтік әділдік қағидаты берік орныққанда ғана ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау, олардың әлеуетін дамыту жолындағы жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі болмақ. Бұл – инклюзивті, жауапты және адамға бағдарланған Қазақстанды қалыптастырудың маңызды қадамы.

 

Сайрангул БУЛЕКОВА,
«Атырау облысы Білім беру басқармасының Исатай ауданы білім бөлімінің» №4 психологиялық- педагогикалық түзеу кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесі меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT