Батыс елдерінде ұзақ жылдар бойы қалыптасқан этносаралық және дінаралық үйлесім мен мәдени әртүрлілік бүгінгі таңда күрделі дағдарыс кезеңін бастан өткеруде. Әртүрлі халықтар мен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікке негізделген бұл модель соңғы уақытта бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың ықпалынан әлсірей бастады. Атап айтқанда, жаһандану үдерістерінің жеделдеуі, радикалды идеологиялардың таралуы, сондай-ақ ұлттық болмысты жоққа шығаратын деструктивті күштердің әсері дәстүрлі мәдени құндылықтардың іргесін шайқалтуда.
Аталған үрдістер ұлттық мәдениеттер мен тарихи дәстүрлердің мәнін төмендетіп, қоғамдағы рухани сабақтастықтың үзілуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде этносаралық және дінаралық қатынастарда сенімсіздік күшейіп, әлеуметтік шиеленістердің туындау қаупі артады. Мұндай жағдай қоғамның бірлігі мен татулығына тікелей қатер төндіріп, қоғамдық келісім мен әлеуметтік тұрақтылыққа елеулі нұқсан келтіруі ықтимал.
Осыған байланысты этносаралық және дінаралық келісімді сақтау мәселесіне ерекше назар аудару аса маңызды. Қоғамда өзара құрмет пен түсіністікті нығайтуға бағытталған кешенді саясат жүргізу, мәдениетаралық диалогты дамыту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастар арасында толеранттылық мәдениетін қалыптастыру қажет. Тек осындай жүйелі әрі саналы қадамдар арқылы ғана қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтап, мәдени әртүрлілікті ортақ байлық ретінде дамытуға болады.
Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылдық округінің әкімі



