Ұлттық рухты ұлықтаған құрылтай

 

Бүгін Қызылорда облысында Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Алқалы жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, ел дамуының өзекті бағыттарына қатысты мазмұнды баяндама жасады. Құрылтай отырысында ұлттық бірегейлікті нығайту, рухани құндылықтарды сақтау, ғылым мен білімнің рөлін арттыру, сондай-ақ қоғамның гуманитарлық дамуына қатысты маңызды мәселелер көтерілді.

Президент өз сөзінде Абай ілімінің ұлттық болмысымыздың өзегіне айналуы керектігін атап өтіп, «Адал азамат» тұжырымдамасының Абайдың «Толық адам» идеясымен тығыз сабақтас екенін айтты. Сондай-ақ Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгізу қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұдан бөлек, Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи ілімдерінің де ұлт руханиятының берік тірегі екені айтылып, ұлы ойшылдар мұрасын тек мерейтойлар кезінде ғана емес, тұрақты түрде ғылыми тұрғыда зерделеу қажеттігі баса айтылды.

Жиында философия, әлеуметтану, саясаттану ғылымдарын дамыту, қоғамдық-саяси ой-пікірлердің көптомдығын әзірлеу, ғылыми зерттеулерді онлайн платформалар арқылы көпшілікке қолжетімді ету жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты. Сонымен қатар Астана мен Алматыда салынатын президенттік кітапханалардың болашақта қазақтың тарихы, мәдениеті мен өркениетін кеңінен дәріптейтін іргелі рухани орталықтарға айналуы керектігі айтылды.

Сөз соңында мемлекет басшысы көтерген бұл мәселелер бүгінгі қоғам сұранысымен толық үндеседі. Ұлттық болмысты сақтап, рухани сабақтастықты нығайту, ұлы ойшылдар мұрасын жүйелі түрде насихаттау жөніндегі бастамалар уақыт талабынан туындап отыр және елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін аса орынды әрі өзекті қадам деуге толық негіз бар.

 

Құраш Мақұлов,
Ембімұнайгаз» АҚ «Жайықмұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасының №2 мұнай және газ өндіру цехының 5 дәрежелі мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы,
Қазақстан Республикасы Президентінің III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT