Мал ұрлығы – ауыл тұрғындары үшін ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Осыған байланысты Исатай ауданында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілуі өте орынды әрі уақытылы қабылданған шешім деп санаймын. Себебі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жануарларының қараусыз, ұйымдастырылмаған түрде жайылымда бағылуы мал ұрлығы қылмыстарының көбеюіне тікелей әсер етіп отыр. Бұл тек мал иелеріне ғана емес, жалпы аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына кері ықпалын тигізуде.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, оған қатысы бар адамдарды анықтап, заң аясында жауапкершілікке тарту. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының жұмысы тұрғындардың қолдауымен ғана нәтижелі болмақ. Сондықтан әрбір мал иесі өз мүлкіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын қатаң сақтауы қажет. Мал тасымалдау кезінде тиісті ілеспе құжаттардың болуы, сондай-ақ жануарларды бақташының немесе иесінің қадағалауынсыз жайылымға жібермеу – ұрлықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.
Сонымен қатар, тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі де аса маңызды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарын білу және сақтау арқылы әр азамат өзіне де, өзгеге де қиындық тудырмайды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар қоғамда заңға деген құрметті арттырып, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенемін. Барша аудан тұрғындарын бейжай қарамай, бірлесіп мал ұрлығының алдын алуға атсалысуға шақырамын.



