Музей ісін дамыту – ұлттық мәдени мұраны сақтау мен тарихи сананы қалыптастыру жолындағы маңызды міндеттердің бірі. Музейлер тек өткенді танытатын орын ғана емес, қоғамның рухани дамуына ықпал ететін, жас ұрпаққа тарихи сабақтастықты түсіндіретін мәдени-ағартушылық орталық болып табылады. Сондықтан музей саласын заман талабына сай жаңғырту, оның мазмұны мен жұмыс тәсілдерін жетілдіру – мемлекет үшін де, қоғам үшін де өзекті мәселе.
Осы тұрғыда Қызылорда қаласында ашылған жаңа тарихи-өлкетану музейін ерекше атап өтуге болады. Бұл музей өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын заманауи форматта таныстыратын маңызды мәдени нысанға айналып отыр. Күз мезгілінде қалаға жұмыс сапарымен келгенімде аталған музейді аралап көріп, оның мазмұны мен ұйымдастырылу деңгейіне оң баға бердім. Заман талабына сай салынған бұл орталықта музей ісін ұйымдастырудың тың әрі тиімді тәсілдері кеңінен қолданылған.
Атап айтқанда, экспозицияларды безендіруде заманауи мультимедиалық технологиялар, интерактивті элементтер мен цифрлық шешімдер пайдаланылған. Бұл келушілердің, әсіресе жастар мен балалардың қызығушылығын арттырып, тарихты қабылдауды жеңіл әрі тартымды етеді. Сонымен қатар, музей кеңістігінің ыңғайлы жоспарлануы, ақпараттың жүйелі әрі түсінікті түрде ұсынылуы оның білім беру және тәрбиелік әлеуетін күшейте түседі.
Қызылордадағы жаңа тарихи-өлкетану музейінің тәжірибесі музей саласын дамытуда тиімді үлгі бола алады. Мұндай заманауи тәсілдерді басқа өңірлердегі музейлерге де енгізу арқылы еліміздің мәдени инфрақұрылымын жаңғыртып, тарихи мұраны кеңінен насихаттауға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде ішкі туризмнің дамуына, өңірлердің мәдени тартымдылығының артуына және халықтың тарихи санасының нығаюына оң әсер етеді.
Музей ісін дамыту – ұлттың рухани байлығын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді әрі маңызды инвестиция. Қызылордадағы жаңа музей соның жарқын үлгісі болып табылады және бұл бастаманы еліміздің өзге аймақтарында да жүйелі түрде қолдау қажет деп есептеймін.
Мөлдір ТЕМІРХАНҚЫЗЫ,
Хамит Ерғалиев атындағы музей меңгерушісі



