Президенттің экономистерге бағытталған сыны – қалыптасқан мәселелерді ашық мойындап, экономикалық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды сигнал. Бұл сын, ең алдымен, қабылданып жатқан шешімдердің нақты нәтижеге жеткізбегенін және экономикалық басқаруда жүйелі өзгерістердің қажет екенін көрсетеді. Кадрлық өзгерістер туралы нұсқау да жауапкершілікті күшейтіп, кәсіби әрі нәтижеге бағдарланған басқару моделіне көшу қажеттігін аңғартады.
Энергетика саласына қатысты айтылған сын-ескертпелер де кездейсоқ емес. Бұл сала – экономиканың тірек салаларының бірі, әрі оның тұрақтылығы жалпы экономикалық өсімге тікелей әсер етеді. Энергетикадағы басқару, тариф саясаты, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерінде шешім қабылдауды созбалаңға салу ұзақ мерзімді тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл бағытта нақты әрі батыл шешімдер қабылдау күн тәртібіне шығып отыр.
Басты стратегиялық мақсат – сапалы экономикалық өсімді сақтап қалу. Бұл тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, экономиканың әртараптануы және тұрақты даму арқылы қамтамасыз етілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, инфляцияны төмендету бойынша басталған жұмыстар аса маңызды. Инфляцияны бақылауда ұстай алмау халықтың табысын төмендетіп, әлеуметтік сенімге кері әсер етеді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының ұстанымы экономикалық саясатты қайта қарауға, кадрлық және құрылымдық реформаларды жеделдетуге бағытталғанын көрсетеді. Егер бұл сын нақты іс-қимылмен, жүйелі реформалармен ұштасатын болса, экономиканың орнықты дамуына және ұзақ мерзімді тұрақтылыққа жол ашуы әбден мүмкін.
Жеміс ЖӘРДЕМҚЫЗЫ,
тәрбиеші



