2026 жылдың 22–28 қаңтар аралығында өткізілген «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдердің психологиялық саулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам болды. Аталған іс-шара аясында «Психологиялық денсаулық – жалпыға бірдей адам құқығы» тақырыбында Исатай ауданына қарасты Х.Ерғалиев, Тұщықұдық, Исатай, Жанбай, Нарын және Зинеден ауылдарындағы мектептерде мазмұнды түсіндіру жиындары ұйымдастырылды.
Жиынға мектеп психологтары, полиция және прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысып, оқушылармен ашық әрі еркін форматта пікір алмасты. Мұндай ведомствоаралық өзара іс-қимыл балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғауда, олардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жағдай жасауда ерекше маңызға ие.

Іс-шара барысында мектеп психологтары оқушылардың психоэмоционалдық жағдайына әсер ететін негізгі факторларға кеңінен тоқталып, күйзелістің белгілері, оның алдын алу жолдары және қиын жағдайға тап болған балалармен жұмыс жүргізудің тиімді тәсілдері туралы жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар жасөспірімдерге өз сезімдерін ашық білдірудің, көмек сұраудан қорықпаудың маңыздылығы түсіндірілді.
Жиында оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күйзелісті ерте анықтау және оның алдын алу мәселелері ерекше назарға алынды. Бұл – қазіргі қоғамда өзектілігін жоғалтпайтын, керісінше күн сайын маңызы артып келе жатқан мәселе. Себебі баланың психологиялық саулығы – оның тұлға ретінде қалыптасуының, білім алуының және қоғамда өз орнын табуының басты кепілі.

Жалпы алғанда, аталған профилактикалық іс-шара жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, олардың психологиялық тұрақтылығын арттыруға және заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға оң ықпал етті. Осындай мазмұнды кездесулерді жүйелі түрде өткізу – сау, саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеудің маңызды алғышарты.
Заң_мен_тәртіп
Сағыныш ҚАЙЫР



