Рухани даму – тұрақты қоғам мен жарқын болашақтың негізі

 

Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан реформалардың табысты жүзеге асуы қоғамның рухани жаңаруымен тығыз байланысты екенін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы экономикалық өсім мен әлеуметтік дамудың маңыздылығын жоққа шығармай отырып, рухани құндылықтар ескерілмеген жағдайда мұндай өсім толыққанды нәтиже бермейтінін айтты. Себебі экономика тек материалдық игіліктерді арттырса, руханият адам санасын, дүниетанымын және өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады.

Президенттің пікірінше, мәдениет пен білім – қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыратын негізгі тіректер. Білімді, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат қана елдің болашағына жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан бұл салаларға салынған инвестиция тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың да игілігіне қызмет етеді. Руханиятқа негізделген саясат қысқа мерзімде көзге көрінбеуі мүмкін, алайда оның ұзақ мерзімді нәтижесі қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығынан айқын байқалады.

Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті нығайту ел ішіндегі бірлік пен келісімді күшейтеді. Тарихты құрметтеу, дәстүрді сақтау, ана тілін дамыту – ұлттық сананың берік негізі. Осындай құндылықтарға сүйенген қоғам сыртқы сын-қатерлерге төтеп беріп, тұрақты дамуға қол жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда, рухани даму – болашаққа жасалған стратегиялық инвестиция, мемлекеттің ұзақ мерзімді өркендеуінің кепілі болып табылады.

 

Айгүл АДИЛОВА,
Зинеден ауылдық округінің әкімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT