Руханият – ұлт болашағының берік негізі

 

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани даму туралы айтқан ойлары мен үшін, өнер адамы ретінде, аса маңызды әрі жүрекке жақын болды. Өйткені руханият – тек мәдениет пен өнердің емес, тұтас ұлттың болмысы мен болашағының өзегі. Экономикалық өсім мен реформалардың табысты болуы адам санасының кемелденуіне тікелей байланысты екенін Президенттің нақты атап өтуі – уақыт талабынан туған терең тұжырым.

Мен сахнада жүрген өнерпаз ретінде мәдениет пен білімнің адам санасын қалыптастырудағы рөлін күнделікті сезінемін. Ән – жай ғана өнер емес, ол халықтың жан дүниесін, тарихы мен құндылықтарын жеткізетін күш. Рухани құндылықтарсыз қоғам ілгері жылжығанымен, оның іргесі берік болмайтыны анық. Сондықтан руханиятқа басымдық беру – болашаққа салынған ең сенімді инвестиция деп санаймын.

Ұлттық бірегейліктің артуы елдің тұрақтылығы мен бірлігін күшейтетіні сөзсіз. Өз тамырын, тілін, мәдениетін құрметтейтін ұрпақ қана тәуелсіздікті нығайта алады. Президент көтерген бұл бастамалар әрбір қазақстандықты, әсіресе біз сияқты өнер өкілдерін, рухани дамуға үлес қосуға жігерлендіреді. Мен өз шығармашылығым арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ел руханиятының дамуына қызмет етуді азаматтық борышым деп білемін.

 

Дана МӘЖИТОВА, 
Әнші, «The Voice Қазақстан» теле жобасының жартылай финалисті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT