Шағын және орта бизнесті дамыту: жаңа міндеттер мен өзекті мәселелер

 

Кәсіпкерлер қауымы еліміздің цифрлық дамуы мен экономикалық жаңғыруының басты қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Қазіргі жаһандық үрдістер көрсетіп отырғандай, экономиканың тұрақты өсімі мен инновациялық серпіні көбіне жеке сектордың, әсіресе шағын және орта бизнестің белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту – тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мемлекеттік міндет.

Бүгінде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесінің 40 пайызға, ал жұмыспен қамтудағы үлесінің 50 пайызға жуықтауы – белгілі бір жетістік екені сөзсіз. Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлік сектордың ел экономикасындағы рөлінің артқанын аңғартады. Алайда осы нәтижелермен шектеліп қалуға болмайды. Егер шағын және орта бизнесті жүйелі түрде жетілдіру, цифрландыру және технологиялық жаңарту бағытында нақты қадамдар жасалмаса, бұл сала экономиканы әртараптандыруға және халықтың тұрмыс сапасын едәуір жақсартуға жеткілікті серпін бере алмайды.

Аса алаңдататын жайт – еліміздегі екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде нақты өнім өндіретін кәсіпкерлердің үлесі алты пайызға да жетпеуі. Бұл кәсіпкерліктің басым бөлігі сауда мен қызмет көрсету саласында шоғырланғанын көрсетеді. Орта бизнес сегментінде өндірістік кәсіпорындардың үлесі салыстырмалы түрде жоғары болғанымен, бұл көрсеткіш те экономиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Ал өндірістік кәсіпкерліксіз, қосылған құны жоғары өнім шығармайынша, экономиканың тұрақты дамуы мен экспорттық әлеуеттің артуы мүмкін емес.

Осы мәселелерді шешу мақсатында өткен жылы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың қабылдануы – бизнесті қолдауға бағытталған маңызды қадам болды. Аталған құжат мемлекеттік реттеуді жеңілдетуге, кәсіпкерлік қызметке артық кедергілерді азайтуға және бизнестің мүддесін ескеретін барынша ашық әрі әділ реттеу үлгісіне көшуге негіз қалады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің бастамашылдығын арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік беруі тиіс еді.

Алайда, өкінішке қарай, бұл Жарлықтың талаптары толық көлемде орындалмай отыр. Кейбір салаларда бюрократиялық кедергілер сақталып, бақылау мен тексеру тетіктері бұрынғыдай кәсіпкерлерге қосымша салмақ түсіруде. Мұндай жағдай бизнес өкілдерінің белсенділігін төмендетіп, олардың цифрлық технологияларға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа жобаларға инвестиция салуына кедергі келтіреді.

Сондықтан алдағы кезеңде кәсіпкерлікті қолдау саясаты нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Өндірістік және технологиялық кәсіпкерлікті ынталандыру, цифрлық шешімдерді енгізуге жағдай жасау, шағын бизнесті орта бизнес деңгейіне дейін өсіруге мүмкіндік беретін жүйелі қолдау тетіктерін қалыптастыру қажет. Тек осындай жағдайда ғана кәсіпкерлер еліміздің цифрлық дамуының шынайы қозғаушы күшіне айналып, экономиканың сапалы өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына нақты үлес қоса алады.

 

Бекзат АСҚАРҰЛЫ,

жас кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT