Сыр төрінде сөйлеген сөз – ел ертеңіне аманат

 

Ұлттық құрылтай мінберінде айтылған әрбір пікірдің астарында бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың тағдыры жатқанын аңғардық. Бұл – жай есеп-қисап немесе құрғақ баяндама емес, елдің өткені мен бүгініне, ертеңіне бірдей көз жүгірткен байыпты пайым.

Қызылорданың құрылтай алаңы ретінде таңдалуы да тегін емес. Сыр бойы – қазақ өркениетінің алтын діңгегі, елдік ой мен еңбектің, жыр мен жігердің тоғысқан мекені. Осы қасиетті жерде айтылған сөздер аймақтың ғана емес, тұтас елдің даму бағытын айқындайтын маңызды бағдарға айналды.

Әсіресе, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымның жаңғыруы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы – нақты істердің нәтижесі екенін көрсетті. Бұл деректер сөз бен істің алшақ еместігін, мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде жүйелі орындалып жатқанын дәлелдейді.

Ал Арал мәселесінің қайта көтерілуі – құрылтайдың ең өзекті, ең жауапты тұстарының бірі болды. Бұл тақырыпты тек аймақтық проблема емес, халықаралық деңгейдегі ортақ міндет ретінде қарастыру – уақыт талабына сай, әрі стратегиялық тұрғыдан өте дұрыс қадам. Су қауіпсіздігі, экология, көрші елдермен келісім – мұның бәрі болашақтағы тұрақтылықтың шешуші факторлары екені анық.

Жалпы, Қызылордадағы Ұлттық құрылтай елді бір мақсатқа ұйыстыратын, ойды нақты іске жетелейтін алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтылған бастамалар мен көтерілген мәселелер қағаз жүзінде қалмай, жүйелі түрде жүзеге асса, Сыр өңірі ғана емес, күллі Қазақстан үшін берекелі өзгерістердің бастауы болары сөзсіз.

 

Лора Мұхтарова,

Өркен орта мектебінің директоры 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT