Тарихты сақтау – ұлтты сақтау

 

Ұлттық құрылтайдағы Мемлекет басшысының сөзімен таныса отырып, бір сәтке елдің өткені мен бүгінін жалғап тұрған алтын көпірдің үстінде тұрғандай күй кештім. Бұл – жай ғана тарихи нысандарды түгендеген баяндама емес, ұлттың жадына, рухына, болмысына жасалған терең үңілу еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде:
«Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес» – деп атап өтті. Осы бір қарапайым ғана сөйлемнің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр. Себебі тарих – өткеннің сарқыншағы емес, болашақтың бағдары.

Президент мысалға келтірген Жаркент мешіті мен Вознесенск кафедралды шіркеуі – Қазақстандағы мәдени әралуандықтың көзге көрінетін, қолмен ұстауға болатын айқын дәлелі. Бірі – таза ағаштан салынған, шығыс сәулетінің иірімін сақтаған мешіт, екіншісі – православ мәдениетінің асыл мұрасы. Мемлекет басшысының «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын осы екі ғимарат арқылы нақты мысалмен көрсетуі – сөз бен істің үйлесімін аңғартады.

Ұлттық құрылтайда айтылған ойдың ең салмақты тұсы – тасқа қашалған тарихқа қатысты болды. «Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді» деген сөзді оқығанда, еріксіз Қаратау петроглифтері, Сауысқандық петроглифтері мен Арпа өзені петроглифтері көз алдыма келді. Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар – бұл жай сурет емес, бұл – көшпенді өркениеттің үнсіз тіл қатуы, ата-бабаның бізге қалдырған хаты.

Ғалымдар тапқан 17 мың петроглиф – ұлттық сананың тереңдігін айғақтайтын бұлтартпас дәлел. Президенттің осы жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жөнінде нақты тапсырма беруі – мәдени мұраны сақтауға бағытталған жүйелі саясаттың бар екенін көрсетеді.

Ұлттық құрылтайдағы бұл сөздерден мен бір нәрсені анық аңғардым: мемлекет үшін тарих – тек мерейтой сайын еске алынатын тақырып емес, елді ұйыстыратын, ұлтты ұлықтайтын тірек. Тарихын таныған халық қана өз болашағын нық қалыптастыра алады. Ал Президенттің бұл үндеуі – сол жолдағы айқын бағдар, нақты міндет, ортақ жауапкершілік.


Гүлжиан ҚАЖЕНОВА,
ардагер ұстаз
Тұщықұдық ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT