Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» сұхбатындағы салық реформасына қатысты пікірі қоғамдағы ең өзекті сауалдардың біріне нақты жауап берді.
Мемлекет басшысы салық реформасын жай ғана фискалдық шара емес, экономиканы жүйелі түрде қайта құрудың тетігі ретінде қарастырып отыр. Бұл – қысқа мерзімді пайдаға емес, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған ұстаным. Әсіресе, реформаның басты мақсаты ретінде экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету қажеттігі айқын айтылды.
Қоғамды алаңдатқан қосымша құн салығына қатысты мәселеде де байыпты, теңгерімді көзқарас байқалады. Президенттің Үкімет ұсынған 20 пайыздық мөлшерлемені бірден қабылдамай, оның жоғарғы шегін төмендету жөнінде тапсырма беруі – әлеуметтік жауапкершіліктің айқын көрінісі. Бұл шешім экономикалық реформа жүргізе отырып, азаматтардың тұрмыс деңгейіне салмақ түсірмеуге бағытталған.
Сұхбаттағы тағы бір маңызды тұс – «бақылау емес, серіктестік» қағидатына басымдық берілуі. Мемлекет, бизнес және азаматтар арасындағы өзара сенімге негізделген қатынас салықты ауыр міндет емес, ортақ жауапкершілік ретінде қабылдауға жол ашады. Салықты «заманауи қоғамдық келісімшарт» деп атауы да осы ойды тереңдете түседі.
Мемлекет басшысының салық төлеу мәдениетін отаншылдықтың озық үлгісімен байланыстыруы – қоғам санасын өзгертуге бағытталған маңызды идея. Бұл көзқарас адал еңбектің, ашықтықтың және әділдіктің құндылығын алдыңғы қатарға шығарады.
Қорытындылай айтқанда, сұхбатта көтерілген ойлар салық реформасының тек экономикалық емес, әлеуметтік әрі моральдық мәні бар екенін көрсетеді. Бұл – жаңғырудың жаңа кезеңінде мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуды көздейтін маңызды қадам.
Еркін МАНСЫРОВ,
шаруагер
Х.Ерғалиев ауылы


