Мемлекет басшысы атап өткен Конституциялық реформа мен жаңа саяси жүйеге қадам – Қазақстанның даму жолындағы тарихи бетбұрыс. Бұл – тек заңнамалық өзгерістер емес, қоғам санасын жаңғыртуға бағытталған стратегиялық шешім.
Президенттің «заң мен тәртіп мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаты болуы тиіс» деген пікірі бүгінгі күннің басты талабымен үндес. Себебі кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуі заң үстемдігіне, әділеттілікке және қоғамдық тәртіпке тікелей байланысты. Әлемде болып жатқан күрделі геосаяси ахуал да құқықтық мемлекет құрудың маңызын айқын көрсетіп отыр.
Жаңа Конституцияға заң мен тәртіп қағидатын енгізу – құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған батыл қадам. Бұл – азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтетін, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыратын маңызды тетік. Осы тұрғыда Бас прокуратураның рөлі ерекше. Прокуратура қызметкерлерінің заң бұзушылыққа бейжай қарамауы – әділетті қоғам құрудың басты шарттарының бірі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткен цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу – жаңа дәуірдің басты бағыты. Бұл үрдіс мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, ашықтық пен есептілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Демек, құқықтық мемлекет құру мен цифрлық трансформация бір-бірін толықтыратын стратегиялық міндеттер.
Қорытындылай айтқанда, Конституциялық реформа – тек саяси жаңғыру емес, қоғамның сапалық өзгерісі. Заң үстемдігіне негізделген жаңа Қазақстан – әр азаматтың қауіпсіздігі мен болашағына кепіл болатын басты құндылық. Сондықтан Мемлекет басшысы көтерген бастамалар – уақыт талабынан туған, елдің ертеңін айқындайтын маңызды бағдар.
Құрасова Алтынғаным Бақытқызы,
“QAZAQGAZ AIMAQ” АҚ Атырау өндірістік филиалы Исатай газ шаруашылығы технигі



