Зайырлы білім – саналы ұрпақтың кепілі

 

Білім мен тәрбие беру жүйесінің Жаңа Конституция жобасында зайырлы сипатта нақты әрі айқын түрде бекітілуі – қазіргі қазақстандық қоғам үшін аса маңызды әрі өзекті шешім деп санаймын. Зайырлы қағидат білім беру саласында бейтараптықты, теңдікті және әділдікті қамтамасыз етіп, әрбір азаматқа шығу тегі, діни ұстанымы немесе дүниетанымына қарамастан сапалы білім алуға бірдей мүмкіндік береді. Бұл – демократиялық әрі құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі.

Зайырлы білім беру жүйесі ғылым мен ақыл-ойға, дәлел мен танымға негізделген білімнің дамуына кең жол ашады. Ол жастардың сыни және еркін ойлау қабілетін қалыптастырып, ақпаратты талдай білуге, саналы шешім қабылдауға үйретеді. Мұндай білім алған жас ұрпақ заманауи технологияларды меңгеріп қана қоймай, жаһандық өзгерістерге бейім, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады. Сонымен қатар, зайырлы орта әртүрлі көзқарастар мен пікірлерге құрметпен қарауды, толеранттылық пен өзара түсіністікті дамытуға ықпал етеді.

Тәрбие беру саласында адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік сияқты баршаға ортақ құндылықтардың алға шығуы қоғам үшін аса маңызды. Бұл құндылықтар жастардың бойында ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, ел тағдырына жауапкершілікпен қарау сезімін қалыптастырады. Сонымен бірге, тәрбие жүйесінің зайырлы негізде құрылуы діни немесе идеологиялық радикализмнің алдын алып, жастарды теріс ықпалдан қорғауға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыда, Жаңа Конституция жобасында білім мен тәрбие беру жүйесінің зайырлы сипатының бекітілуі қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтатын маңызды норма болып табылады. Бұл қағидат мемлекет дамуының берік негізін қалыптастырып, бейбітшілік пен бірлікті сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге оң ықпал етеді. Сондықтан мен бұл өзгерісті уақыт талабына сай, ел болашағын ойлаған салмақты әрі дұрыс шешім деп толық қолдаймын.

 

Асхат ЖҰМАБЕКҰЛЫ,

Исатай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT