Зайырлылық пен отбасылық құндылықтар қоғамның дамуы үшін аса маңызды. Зайырлы мемлекет әр адамның құқығы мен еркіндігін қамтамасыз етіп, ешкімнің сеніміне қысым жасамауы тиіс деп ойлаймын. Бұл діннен бас тарту дегенді білдірмейді, керісінше әр азаматтың өз көзқарасын еркін ұстануына мүмкіндік береді. Меніңше, осындай жағдайда әр отбасы өз дәстүрін, өмір салтын және тәрбиелік ұстанымдарын сақтай алады.
Отбасы– адам тәрбиесінің негізі. Адам бойындағы алғашқы құндылықтар дәл отбасында қалыптасады. Ата-ана баласына дұрыс бағыт беріп, үлкенді сыйлауды, кішіге қамқор болуды үйретуі керек деп ойлаймын. Отбасында өзара түсіністік пен сыйластық болса, бала да саналы әрі жауапты азамат болып өседі.
Қазіргі қоғамда отбасылық құндылықтарды сақтау ерекше маңызды. Жылдам өзгеріп жатқан заманда адам адасып кетпеуі үшін отбасынан алған тәрбиеге сүйенеді деп ойлаймын. Отбасы адамның рухани тірегі болып қала береді. Сондықтан мемлекет те отбасы институтын қорғауға көңіл бөлуі қажет деп санаймын.
Менің ойымша, зайырлылық отбасылық құндылықтарды әлсіретпейді, керісінше олардың еркін дамуына жол ашады. Мемлекет дін мен саясатты бөле отырып, барлық азаматқа тең мүмкіндік береді. Меніңше, бұл қоғамда әділдік пен тұрақтылықты қалыптастырады.
Қорытындылай келе, менің ойымша, зайырлылық пен отбасылық құндылықтар бір-біріне қарсы емес, керісінше бірін-бірі толықтыратын маңызды ұғымдар. Олар қоғамның бірлігі мен болашағының берік негізі болып табылады.
Ақмарал ТАХАЕВА,
Исатай аудандық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер



