Конституцияның жаңа редакциясы – бұл жекелеген нормаларды түзету немесе саяси құрылымды ішінара өзгерту ғана емес, Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын терең әрі кешенді таңдау. Құжаттың әзірлену барысы – ашықтықтың, қоғамдық пікірге құлақ асудың және жауапты мемлекет құруға ұмтылыстың айқын көрінісі.
Азаматтар, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар белсенді түрде қатысқан кең ауқымды талқылаулар реформаның шынайы қоғамдық сұраныстан туғанын дәлелдейді. Екі мыңнан астам ұсыныстың қаралуы – билік пен қоғам арасындағы диалогтың формалды емес, мазмұнды сипат алғанын көрсетеді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.
Реформаның идеялық өзегінде адам құқықтары мен бостандықтарының абсолютті басымдыққа ие болуы – тарихи мәні бар бетбұрыс. Мемлекеттің басты құндылығы ретінде адамды алға шығару, әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттарын Конституция деңгейінде бекіту қоғамның әділдікке деген үмітін нақты құқықтық кепілдікке айналдырады. Бұл – тек декларация емес, мемлекеттік саясаттың философиясын түбегейлі жаңарту.
Бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, пропорционалды сайлау жүйесін күшейту, жалпыұлттық диалог институттарын жаңғырту – саяси жауапкершілікті арттыруға, партиялардың мазмұнды бәсекесіне және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне ықпалын күшейтуге бағытталған. Мұның барлығы саяси жүйені неғұрлым ықшам, түсінікті әрі тиімді етуге қызмет етеді.
Цифрлық құқықтарды қорғау, зияткерлік меншікке кепілдік беру, «Миранда ережесінің» енгізілуі – Қазақстанның құқықтық жүйесінің заман талабына бейімделіп отырғанын аңғартады. Бұл нормалар азаматтың мемлекет алдындағы емес, мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігін күшейтеді.
Ең бастысы, жаңа Конституция өткенді жоққа шығармайды, керісінше, тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен жолына құрметпен қарап, соның негізінде болашаққа нық қадам жасауға үндейді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны ел дамуының тірегіне айналдыру – ресурстық емес, адами капиталға сүйенген өркениетті таңдау.
Осы тұрғыдан алғанда, бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан көтерілген бұл конституциялық реформа – уақыт талабына берілген жауап қана емес, ұлттың ұзақ мерзімді мүддесіне негізделген стратегиялық шешім. Ал түпкілікті таңдау құқығының халыққа берілуі – «Халық – биліктің қайнар көзі» қағидатының нақты іске асуы.
Жаңа Ата Заң – бұл заң мәтіні ғана емес, қоғамның өз-өзіне берген уәдесі. Ендігі жауапкершілік – сол уәдені ақтау.
Айгуль КАДЫРОВА,
Қамысқала ауылдық округінің бас маманы



