Конституциялық реформа – ел тарихындағы кезекті техникалық түзету емес, Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын іргелі қадам. Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасы қоғамның сұранысын, заманның талабын және мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық мүддесін тоғыстыра отырып әзірленгені аңғарылады. Ашық талқылаулар, азаматтардың тікелей қатысуы, мыңдаған ұсыныстың ескерілуі – реформаның легитимділігі мен қоғамдық сенімін арттыратын маңызды фактор.
Жаңа Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарын негізгі басымдық ретінде айқындауы – мемлекеттің «адамға бағдарланған» даму моделіне түбегейлі бет бұрғанын көрсетеді. Әділеттілік, заң мен тәртіп, адами капитал, білім мен ғылым, цифрландыру сияқты ұстанымдардың конституциялық деңгейде бекітілуі Қазақстанның XXI ғасырдағы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге дайын екенін дәлелдейді. Бұл – байлықты жер қойнауынан емес, азаматтың әлеуетінен іздеуге бағытталған өркениетті таңдау.
Саяси институттарды жаңғыртуға бағытталған бастамалар да айрықша мәнге ие. Бір палаталы Парламент құру, пропорционалды сайлау жүйесін енгізу, жалпыұлттық диалог алаңдарын күшейту – саяси жауапкершілікті арттырып, қоғам мен билік арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құқықтық кепілдіктердің кеңеюі, адвокатура мен зияткерлік меншік институттарының конституциялық мәртебе алуы құқықтық мемлекетті нығайта түсетіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның тарихи сабақтастығын сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басуға негіз қалайды. Ендігі шешім – ел азаматтарының қолында. Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын бұл құжат әрбір қазақстандықтың еркін білдіріп, ортақ жауапкершілігін айқындайтын тағдырлы таңдау болмақ.
Шынар МАХСУТОВА,
аудандық білім бөлімінің әдіскері



