Меніңше, жаңа Конституция жобасының басты құндылығы – оның тек қағаз жүзінде қалып қоймай, қарапайым азаматтың күнделікті өмірінде нақты сезілетін әділдікке басымдық беруінде. Бұл құжат мемлекет пен адам арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеріп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шынайы қорғауға бағытталған. Конституцияда әрбір адамның қадір-қасиеті мен заң алдындағы теңдігі басты құндылық ретінде айқындалған, бұл қоғамдағы әділеттілік қағидасының нығаюына жол ашады.
Адвокаттардың құқықтық тұрғыда қорғалуы – сот әділдігінің сапасын арттыратын маңызды қадам. Себебі адвокаттың тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейінше, азаматтың да құқығы толық қорғалады деу қиын. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда адвокатураға ерекше мән берілуі құқықтық мемлекетті қалыптастыру жолындағы елеулі өзгеріс деп санаймын. Бұл азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырып, әділ шешімдердің қабылдануына ықпал етеді.
Сонымен қатар, зияткерлік еңбектің бағалануы мен оның заң жүзінде қорғалуы ғылымның, мәдениеттің және шығармашылық саланың дамуына серпін береді. Авторлық құқық пен өнертабыстарды қорғау тетіктерінің күшеюі азаматтарды жаңашылдыққа, ізденіске ынталандырады. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық және технологиялық дамуына оң әсер етеді.
Адам құқықтарын қорғауда нақты кепілдіктердің күшейтілуі жаңа Конституцияның тағы бір маңызды артықшылығы болып табылады. Құжатта азаматтардың еркіндігі, жеке өміріне қол сұқпау, заңсыз қысымнан қорғау сияқты негізгі құқықтар нақты бекітілген. Мұндай нормалар қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етіп, мемлекет пен халық арасындағы өзара сенімді нығайтады.
Жаңа Конституция жобасы әділдікке, адам құқығына және заң үстемдігіне негізделген қоғам қалыптастыруды мақсат етеді. Ол әрбір азаматтың өзін мемлекет тарапынан қорғалған әрі бағаланған тұлға ретінде сезінуіне мүмкіндік береді. Сондықтан бұл құжат Қазақстанның құқықтық және демократиялық дамуының берік іргетасы деп есептеймін.
Жайна МӘЛІМҚОЖА



