Жаңа Конституцияның ең маңызды жаңалықтарының бірі – мемлекеттің басты тірегі оның азаматтары екенін айрықша атап көрсетуінде. Бұл құжат тек заңдық нормалар жиынтығы ғана емес, әрбір азаматтың өмірін, құқықтарын және мүмкіндіктерін қорғайтын сенімді кепіл болып табылады. Конституцияның бұл ерекшелігі біздің әрқайсымыздың жақсы өмір сүруімізге, білім алуымызға, кәсіби дамуға және өз әлеуетімізді толық жүзеге асыруға құқықты екенімізді айқын көрсетеді.
Мемлекеттің азаматқа деген мұндай көзқарасы елдегі қоғамдық сенімді нығайтып, әрбір адамның қоғамға пайдалы үлес қосуына жол ашады. Себебі азамат өзін мемлекет тарапынан қорғалған, бағаланған және құндылығы мойындалған тұлға ретінде сезінгенде ғана елдің дамуына белсенді қатыса алады. Бұл – тек құқықтық кепіл ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы әділеттілік пен теңдікті нығайтатын маңызды фактор.
Сонымен қатар, Конституция арқылы мемлекеттің азаматқа деген жауапкершілігі нақты көрініс табады. Әрбір заң мен норма халықтың мүддесіне бағытталып, олардың өмір сапасын арттыруға қызмет етеді. Бұл жағдай еліміздің тұрақтылығы мен болашағын қамтамасыз ететін басты принциптердің бірі болып табылады.
Міне, дәл осы жерде біздің елдігіміздің мықтылығы жатыр: мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімге, құқық пен міндеттердің теңгеріміне негізделген жаңа Конституция әрбір қазақстандыққа тұрақты әрі әділ өмір сүруге мүмкіндік береді. Елдің болашағы азаматтардың құқығы мен еркіндігіне, олардың білім мен шығармашылық әлеуетіне негізделгеніне сеніміміз бар.
Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылдық округінің әкімі



