Жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жүйелі түрде күшейтуге бағытталған маңызды құжат болып табылады.
Жобада азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе оларға жаңа міндеттер жүктейтін заңдардың кері күші болмауы, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеу және кінәсіздік презумпциясы қағидаттарының нақты бекітілуі көзделген. Бұл нормалар құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарын нығайтып, әрбір азаматтың заң алдындағы қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Миранда ережесінің» Конституция деңгейінде бекітілуі азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылындағы құқықтық кепілдіктерді кеңейтеді. Аталған ереже адамның өз құқықтарын дер кезінде білуін қамтамасыз етіп, тергеу және сот процестерінің әділ әрі ашық жүргізілуіне ықпал етеді. Бұл өз кезегінде құқық қорғау жүйесіне деген қоғамдық сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Жаңа Конституция жобасында ескірген терминологиялық аппарат мәселесінің кешенді түрде шешілуі де оның мазмұнын заман талабына сәйкестендіреді. Конституциялық нормалардың тілдік тұрғыдан жаңартылуы олардың мағынасын нақтылап, құқық қолдану тәжірибесінде бірізділікті қамтамасыз етуге жағдай жасайды.
Жаңа Ата Заңның мәтіні Қазақстанда қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, елдің тарихи даму жолын және халықаралық беделін сақтай отырып, болашаққа бағдарланғанын көрсетеді.
Білім, ғылым, инновациялар мен адами капиталды дамыту ел дамуының негізгі басымдықтары ретінде айқындалуы мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына сәйкес келеді. Бұл ретте қазіргі Конституцияның Қазақстанның мемлекеттік құрылымының қалыптасуындағы маңызды рөліне құрмет сақталады, ал жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына және құқықтық жүйенің одан әрі жетілуіне берік негіз қалайды.
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы



