Бұл конституциялық реформа – жекелеген баптарды түзету емес, мемлекеттің өз болмысын, даму бағытын және қоғаммен қарым-қатынас философиясын қайта пайымдау талпынысы. Ұсынылып отырған жаңа Ата Заң жобасы Қазақстанның саяси тарихындағы маңызды белес ретінде бағалануға әбден лайық.
Ең алдымен, құжатты әзірлеу үдерісінің өзі демократиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Азаматтардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың пікірлері ескеріліп, ашық талқылаулардың ұзақ әрі жүйелі түрде жүргізілуі – билік пен қоғам арасындағы сенімді диалогтың нақты көрінісі. Бұл Конституцияның тек «мемлекеттік құжат» емес, бүкіл халықтың ортақ келісімінің нәтижесі болуына негіз қалайды.
Реформаның өзегінде адам тұр. Адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалуы – құқықтық мемлекет қағидаттарын жаңа сапалық деңгейге шығарады. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау секілді құндылықтардың Конституция деңгейінде бекітілуі қоғам сұранысына берілген уақтылы әрі салмақты жауап деуге болады.
Саяси институттарды жаңғыртуға қатысты ұсыныстар да терең ойластырылған. Бір палаталы жаңа Парламент құру, пропорционалды сайлау жүйесін енгізу, жалпыұлттық диалогтың жаңа алаңы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру – саяси жауапкершілікті күшейтіп, өкілді биліктің тиімділігін арттыруға бағытталған қадамдар. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «күшті институттар – жауапты қоғам» қағидасымен өзектес.
Сонымен қатар, цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау, адвокатура мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, «Миранда ережесін» енгізу сияқты нормалар құқық қорғау жүйесінің гуманистік сипатын күшейтеді. Бұл – мемлекет пен азамат арасындағы қатынасты «жазаға негізделген» емес, «құқыққа негізделген» модельге көшірудің айқын белгісі.
Комиссия жұмысының ашықтығы мен өкілділігі де ерекше назар аударарлық. Әртүрлі әлеуметтік топтар мен өңірлердің қамтылуы, пікір алуандығына мүмкіндік берілуі реформаның легитимділігін арттыра түседі. Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова атап өткендей, бұл – секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің айғағы.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның өткен жолына құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қадам басуға бағытталған. Ендігі шешуші сөз – халықтікі. Жалпыұлттық референдум арқылы қабылданатын бұл құжат ел дамуының жаңа парағын ашып, мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігін нығайтады деген сенім бар.
Айберген ҚАНАТҰЛЫ,
Исатай аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы



