Жаңа Конституцияның басты әрі маңызды ерекшеліктерінің бірі – бір палаталы Парламент–Құрылтайдың құрылуы болып табылады. Бұл жүйе Қазақстан мемлекетінде заң шығарушы билікті жетілдіру мақсатында енгізіліп отыр. Енді ел тағдырын ойлайтын 145 депутат саяси партиялар арқылы 5 жыл мерзімге сайланып, біртұтас заң шығарушы орган ретінде қызмет атқарады. Бұл – халықтың таңдауымен келген өкілдердің ел болашағына қатысты маңызды шешімдерді қабылдауына мүмкіндік береді.
Бір палаталы Парламент–Құрылтайдың құрылуы заң қабылдау үдерісін жеңілдетіп, оның тиімділігін арттырады. Себебі барлық депутаттар бір ортада жұмыс істеп, ел үшін маңызды мәселелерді бірге талқылайды. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге, заңдардың сапалы әрі нақты қабылдануына ықпал етеді. Сонымен қатар, депутаттар халықпен тығыз байланыста болып, олардың талап-тілектері мен ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік алады.
Бұл өзгеріс – елдегі демократияның дамуына жасалған маңызды қадам. Халық өз өкілдерін өзі сайлау арқылы мемлекет басқаруға қатысады. Ал депутаттар халық сенімін ақтап, елдің дамуына бағытталған әділ заңдар қабылдауға міндетті. Сондықтан Парламент–Құрылтайдың құрылуы – ел бірлігін нығайтып, мемлекеттің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды жаңалық деп айтуға болады.
Рафиғат ТАЖИДЕНОВА,
Қамысқала ауылдық округінің әкімі



