Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша Қазақстанда республикалық референдум өтетін күн белгілі болды. Осы күні барша отандастарымыз ел дамуының негізіне, тірлігіміздің тірегіне айналар жаңа Ата Заңымыздың қабылдануына атсалыспақ.
Қабылданғалы отырған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жеткілікті уақытта дайындалды. Ол жұртшылықтың танысуы үшін жарияға беріліп, жан-жақты талқылау, таныстыру жұмыстары жүрді. Нәтижесінде оған мыңдаған отандастарымыз өз ой-пікірлерін білдіріп, үн қосуда.
Қазіргі замандағы саяси, экономикалық және мәдени дамулар, сол сияқты адамдар арақатынасы мен халықаралық қатынастар, дамудағы өзгерістер цифрландыру мен жасанды интеллектінің адамдар өміріне араласуындағы жағдайлар жаңа құқықтық негіздемені керек етуде. Негізгі құрамы 84 пайыздай өзгеретін жаңа Ата Заң осылардың бәріне жауап бермек жаңа жағдайлардың құқықтық негізін жасамақ. Мемлекеттік басқару мен тәуелсіз Қазақстанның болашақ дамуына негіз болатын Конституцияның жаңа жобасы еліміздің дамуындағы саяси, экономикалық, мәдени және діни проблемаларды құқықтық негіздеп береді деп сенемін.
Жаңа Конституцияны дұрыстап талқылап, әркім өз ой елегінен өткізіп қабылдайтындықтан елімізде түрлі қылмыстар, жемқорлықтар, адамдар арасындағы келеңсіз тірліктер ауыздықталып, өмір тірлігіміз дұрысталады ғой деген үміттемін. Ал соның бәріне белсенді қызмет ететін алдағы уақытта сіз-біз болып талқылап барып, өз ойымызды, ұсыныс-тілектерімізді білдіріп қабылдағалы отырған осы Ата Заңымыз.
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы



