Бүгін Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы отырысын тікелей эфирден көріп отырып, Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа бір дәуірдің басталып келе жатқанын анық сезіндім. Бұл – кезекті саяси өзгеріс емес, мемлекет дамуының бағытын айқындайтын, қоғамдық сұранысқа негізделген терең трансформацияның бастамасы.
Комиссияға жетекшілік еткен Эльвира Азимованың «Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр» деген сөзі бүгінгі процестің мәнін дәл сипаттады. Расында, бұл комиссияның міндеті – тек ұсыныстарды жинақтау емес, қоғамның үні мен мемлекеттің стратегиялық мүддесін тоғыстыратын тарихи шешімдерге жол ашу.
Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында жарияланған жаңа саяси реформалар – жасанды интеллект дәуіріндегі басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған батыл қадам. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген бір палаталы Парламент құру бастамасы – билік тармақтарының тиімділігін арттыруға арналған институционалдық жауап.
Бір палаталы Парламентке көшу, Құрылтай институтын енгізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын қалыптастыру сияқты ұсыныстар – жай формальды өзгерістер емес. Бұл – қоғам мен билік арасындағы байланысты күшейтуге, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған жүйелі реформалар.
Ерекше назар аударарлық жайт – азаматтардың белсенділігі. Екі мыңнан астам ұсыныстың түсуі – қоғамның конституциялық өзгерістерге бейжай қарамайтынын, ел болашағына қатысты шешімдерге қатысуға дайын екенін көрсетеді. Конституциялық комиссияның кеңейтілген құрамда құрылуы да осы қоғамдық сұраныстың нақты көрінісі.
Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ал бұл кезеңнің табысты болуы – реформалардың мазмұнына ғана емес, олардың қалай әзірленіп, қалай қабылданатынына байланысты. Бүгінгі комиссия отырысы осы үдерістің ашық, инклюзивті әрі жауапты сипатта өтетінін аңғартты.
Конституциялық реформа – тек заң мәтінінің өзгеруі емес, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа келісім. Ал бұл келісімнің негізі – сенім, жауапкершілік және ортақ мақсат. Сондықтан Конституциялық комиссияның жұмысы – еліміздің болашақ саяси архитектурасын айқындайтын тарихи миссия.
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы



