Қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Исатай ауданында 8–10 қаңтар күндері аралығында «Жалған нөмірлер» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізілуде.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жалған, өзгертілген немесе белгіленген талаптарға сай келмейтін мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын анықтау, сондай-ақ жол қозғалысы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Себебі көлік құралдарының нөмірлік белгілерін заңсыз пайдалану жол-көлік оқиғаларының орын алуына, құқық бұзушылықтардың жасырын қалуына және жалпы қоғамдық қауіпсіздіктің төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Іс-шара барысында аудан аумағында профилактикалық жұмыстар күшейтіліп, түсіндіру шараларына ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, Аққыстау, Тұщықұдық, Х. Ерғалиев, Жанбай, Нарын, Исатай және Зинеден ауылдық округтерінде LED-экрандар арқылы арнайы ақпараттық хабарламалар орналастырылып, жүргізушілерге заң талаптары мен жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі ескертілуде.

Мамандардың айтуынша, мұндай алдын алу шаралары жүргізушілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланудың заң алдындағы жауапкершілігі туралы да кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Құқық қорғау органдары аудан тұрғындары мен көлік жүргізушілерін заң талаптарын қатаң сақтауға, өздерінің және өзгелердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Сағыныш Қайыр


