Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік апаты мәселесіне арнайы тоқталып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін нақты айтты. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті тақырып.
Соңғы жылдары елімізде автокөлік санының күрт артуы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне тікелей әсер етіп отыр. Осыған байланысты құқық қорғау органдары тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Бақылау жүйелері жетілдіріліп, жол инфрақұрылымы жаңартылып, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында айыппұл көлемі ұлғайтылды.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларынан болған адам өлімінің азаюы байқалып отыр. Дегенмен, бұл көрсеткіштерге тоқмейілсуге болмайды. Өйткені жол үстіндегі қайғылы жағдайлардың басым бөлігі жол ережесін білмеу немесе біле тұра елемеу салдарынан орын алады.
Полиция органдары үшін басты мақсат – жүргізушіні жазалау емес, жол-көлік оқиғасының алдын алу. Осы бағытта халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыруға баса мән берілуде. Әрбір жүргізуші жол ережесін айыппұлдан қорыққандықтан емес, өз өмірі мен өзгенің қауіпсіздігін ойлағандықтан сақтауы тиіс.
Жол қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Тәртіп пен сақтық қана адам өмірін сақтайды.
Дулат ЖАСЕНОВ,
Исатай АПБ-нің Патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты


