Еңбек кодексін өзгертуді ұсынды

Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат, партия төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Маңғыстау облысындағы «ӨзенМұнайГаз» ЖШС ұжымымен кездесті.

Партия өкілі серіктестік ұжымына Халық пар­тиясының сайлауалды бағдарламасын таныс­тырды. А.Асылбеков партия елде қалыптасқан жүйенің мәнін түбегейлі өзгертуді талап ететінін, билік пен байлық Қазақстан халқына тиесілі болатын әділетті қоғам құруды қолдайтынын және билік өкілеттіктерін бөлуде тежеу мен тепе-теңдіктің саяси жүйесін сақтауды жақтайтынын жариялады.

«Біз азаматтардың құқығы мен бостандығы барлығынан жоғары тұратын нағыз халықтық мемлекет құруды қолдаймыз. Жер мен жер қойнауы халыққа тиесілі болу керек», деді ол.

Кандидат Жаңа Қазақстанға жалдамалы қыз­меткерлердің  әлеуметтік және еңбек құқығын толық қорғайтын жаңа Еңбек кодексі қажет екенін мәлімдеді.

– Экономикада орта тап құруға және кедей­лікті жоюға мүмкіндік беретін жаңа тәсілдерді енгізу маңызды. Халық партиясы ел аумағын­да өз азаматтарымыз өндірген тауарлардан, көрсеткен қызметтерден қосымша құн салығын алып тастауды және айналымға 5% мөлшерінде бірыңғай салық енгізуді қолдайды, – деді партия өкілі.

Кездесуде білім, медицина, құрылыс сала­ларындағы өзекті мәселелер де талқы таразысына салынды. Кандидат мемлекеттік мекемелерде (арнаулы орта және жоғары) білім беру мен денсаулық сақтау мамандарын тегін оқыту, әйелдердің зейнетке шығу жасын 58-ге бекіту, ал 4 және одан көп бала тәрбиелеп отырған аналарды 55 жасқа дейін зейнетке шығару ұсынысын қолдайтынын, бұл бағытта жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретінін айтты. Кандидаттар сайлауалды бағдарламада банктерге азаматтардың артық төлемдерін қайтарып беру туралы талап қойғандарын мәлімдеді.

Кандидат халықтың қарызға батқанын, онлайн несиенің салдарынан елімізде алаяқтардың қаптап кеткенін, жастардың құмар ойынының құрбанына айналып бара жатқанын да алға тартты. «Қазір онлайн несиенің жарнамасы қаптап кетті. Халық мәжбүрліктен несие алып, қарызға батып отыр. Алаяқ компаниялар елді қанап жатыр. Осыларды мемлекет ауыздықтауы керек», деді кандидат.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521