Халықтық басқарудың мәнді көрінісі

Алдағы сайлаудағы ерекше бір жаңалық – ел алдында беделді және реформаторлық қасиеттері бар азаматтардың сайлауға жеке дара қатысып, өзін-өзі ұсынуға құқысы бар. Ондай азаматтар өңірімізде де баршылық.

Ақпарат құралдары мен интернет ресурстарында сайлау тақырыбы қазір өте өзекті болып отыр. Жалпы, тарих парақтарында «сайлауға» қазақ қоғамы ерекше мән бергені туралы ойлар көп. Ұлы Абай шығармаларында «Болыс сайлау», алаш арыстары жазбаларында «Дума сайлауы» туралы кең түрде жазылып, сайлауға білімді де білікті, халық алдында беделі бар тұлғалардың қатысқанын көз алдымызға елестетеді. Сонау, 20 ғасыр басында «сауатсыз» деп айтылатын Қазақстанның әр аймағынан Ресей Думасына ондаған қазақ зиялыларының сайланғанын және Дума төрінен халқымыздың мұң-мұқтажын қаймықпай айтқанын білеміз.

Жаңа Қазақстанды құрудағы мемлекет басшысының ойы мен жоспары да халықтың мұң-мұқтажы дегенге саяды. Елімізде қордаланған әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер, ұлттық экономиканың дамуы сайлау қорытындысына тікелей тәуелді. Бұны облыс тұрғындары айқын сезініп отырмыз. Халық қашан да жайлы, өміріне қауіпсіз, тыныш қоғамда өмір сүргісі келеді және оған толықтай құқылы да.

Республикалық мәліметтерде айтылатын «ең жоғары жалақы» алатын мұнайлы аймақтың мұң-мұқтажы да қынжыла айтуға түрткі болып отыр. Ал, ең көп жалақы алатын мұнайшы мамандар аймақта саусақпен санарлық. Негізгі тұрмыс тауқыметін, үнемі өзекті азық-түлік, тұрмыстық заттардың шамадан тыс қымбатшылығы, еңбекақының төмендігі, жұмыссыздық, экологиялық ахуал сияқты адам өміріне өте қажетті факторлар құрайды. Сондай-ақ, қатынас жолдардың тозығының жетуі, үнемі таусылмайтын коммуналдық қызметтің өмір ағысына ілесе алмауы. Қордаланған мәселе көп...

Қазір жастардың да билікке деген ұмтылысы артты. Бұл әрине қуантатын жағдай. Атырауды көркейтуге, облысқа бөлінген қаржының дұрыс және сауатты жұмсалуына жастар да атсалысуы керек. Сайлау науқаны кезінде өз жоспарларын дұрыс түсіндірсе, оны халық игілігі жолында жүзеге асырса, нағыз жетістік сол болмақ. Қалай болғанда да, электорат, яғни, сайлаушылар алдағы сайлаудан көп үміт күтері анық.

 

Лесқали Бердіғожин,

тарих ғылымдарының докторы

Сурет: ашық дереккөз

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT