МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ МОЛ НАУҚАН

Кеше Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтті. Сайлау мықты азаматтық қоғамы бар демократиялық құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты десек, оның халықтың еркін білдіріп, қалауын танытатын мемлекет өміріндегі маңыздылығы мол науқан екендігі айшықтала түседі. Бұл бүкіл әлем бойынша солай.

Осыдан жиырма жыл бұрын Будапештте сайлауды ұйымдастырушылардың  Бас конференциясында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен дүниежүзілік сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде ақпанның алғашқы бейсенбісіне белгіленген Дүниежүзілік сайлау күні кешегі күні аталып өтті.  
Тарихымызға үңіліп, қазақ даласындағы сайлау жүйесіне көз жүгіртсек, ол  көне замандарда халық жиындары түрінде қолданылған. Мәселен, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» біздегі 2024 жылы 6 қазанда өткен бүкілхалықтық референдум сияқты жиындарда халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған екен. Сондай-ақ билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өкілдік демократияның дамығанын көрсетеді. Зерделей қарасақ, бір кездердегі қазақ даласындағы хан сайлауы тарихи маңызға ие сайлау жүйесінің алғышарттары болған. Мәселен, әр рудың игі жақсыларының басын қосып, солардың дауысын жинап, алдын ала біздегі дебаттар сияқты бірнеше күн пікірталастарды халық жиындарында арнайы ұйымдастырғаны айтылады деректерде.  

-Елімізде Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын атап өту дәстүрі тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихымен тығыз байланысты. Яғни, бізде сайлау күнін атап өту Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының бастамасымен басталды. Бұл күннің мақсаты – еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылар-дың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.  Осы күнді өткізудің басты міндеттері болып қоғам санасында демократияландыру процесінің қайтымсыздығын бекіту, сайлау процесіндегі жетістіктер туралы жұртшылықты хабардар ету және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға бейімділікті қалыптастыру болып табылады,-дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қабыл Ғұбашев.

Білгеніміздей, Исатай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы тарапынан дүниежүзілік сайлау күніне орай аудан әкімі аппараты, тиісті мекемелермен бірлескен іс-шаралар жоспарына сай сайлау комиссиясы мүшелері, аудан жастары, мектеп оқушылары арасында пікірсайыстар, «дөңгелек үстелдер» мен сынып сағаттары және «Ашық есік» күні ұйымдастырылған.
Қабыл Рамазанұлы аумақтық сайлау комиссиясы атынан сайлауларда азаматтық белсенділіктерін танытып, аудандағы сайлау науқаны кезеңінде ерекше үлес қосқандары үшін жерлестеріне деген алғыс сезімін де білдіре кетті.

-Тәуелсіз еліміздің тарихында әлі де түрлі деңгейдегі сайлау науқандары өтетіні белгілі. Ең бастысы, қандай сайлау болмасын демократиялық талаптарға  негізделіп, жаппай халықтық сипат алуы тиіс. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, жетілдіріліп те келе жатқанын айта кеткен жөн,-деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
 


Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT