Үздіксіз урбанизация үрдісі

«Ауыл» партиясынан түрлі деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға кандидат Асқар Болатбек, Әлия Аяпбергенова, Абзал Жиенбаев, Байқоңыр Сейдалин, Гүлназ Омарова, Балтабек Жоламанұлы Ұлытау облысында зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Кандидаттардың зиялы қауым өкілдерімен және ауылдық мәдениет үйлері­нің қызмет­керлерімен кездесуі «Ұлытау – ұлт ұйытқысы» тақырыбында өтті. Кандидаттар үгіт-насихат жұмыс­тарын жүргізіп, қатысушылармен ауыл­дағы мәдениет саласына қажет қолдау туралы сөз қозғады.

«Біздің сайлауалды бағдарламамызда ауыл­дық аумақтарды жақсартуға қажет барлық аспек­ті ескерілген. Қазіргі таңда ауыл мен қала арасында бірден көзге ұратын әлеуметтік теңсіздік бар. Ол экономиканың нақты секторына және ауылдың демографиялық әлеуетіне зиян келтіретін қайтымсыз урбанизация үдерісін бастады. Ауыл тұрғыны, әсіресе әйелдер мен жастар үшін қалаға бару «барса келмеске» айналды. Сондықтан «Ауыл» партиясы ауыл мен қала арасындағы қызмет сапасының айырмашылығын айтарлықтай қысқартуды көздейді. Қала тұрғынына берілген барлық жағдай мен жайлылық ауыл тұрғынында да болуға тиіс», деді Абзал Жиенбаев.

Бұдан кейін кандидаттар Ұлытау облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерінің дөңгелек үстеліне қатысты. Жиналыста кандидаттар «Ауыл» партиясы Парламент Мәжілісінде «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» жаңа заңды қабылдауға бас­тамашы болуға дайын екенін атап өтті.

«Бұл заң ауыл халқын сапалы және тұрақты әлеу­меттік қамтамасыз етуге, ауыл инфра­құры­лымын тұрақты бюджеттік қаржыландыруға, аграр­шылар мен отандық азық-түлік өндіруші­лерін сөз­сіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер береді», деді кандидаттар.

Сондай-ақ «Ауыл» партиясының делегация­сы Сәтбаев қаласында болып, «Қазақстан» спорт­тық-сауықтыру кешенінің ұжымымен кездесті. Кешен қызметкерлері партияның сайлауалды бағдарламасымен танысып, өздерін қызықтыр­ған сұрақтарын қойды. Кандидаттар айтылған мәселелерді, ұсыныстарды назарда ұстап, құзырлы органдармен бірге проблеманы шешудің жолын қарастыруға уәде берді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT