Ұлы дала төсінде ұзақ жылдар бойы салтанат құрған Алтын Орда мемлекеті жайында білмейтін жан кемде-кем.
Сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттің 750 жылдығын атап өту туралы ел Президенті Қ.Тоқаев Жарлыққа қол қойған еді. Көппен көрер ұлы той қарсаңында тарих ғылымдарының кандидаты, Семей қаласы Шәкәрім атындағы университетінің профессоры Амантай Исинмен телефон арқылы тілдескен едік. Сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Алдымен, 750 жылдық тарихы бар алып империяның құрылу тарихы туралы айтып бересіз бе?
- Алтын Орда империясы жоқ жерден пайда болған жоқ. Ғасырлар бойы қалыптасқан ортағасырлық түркі халықтарының билігі болды. Жыл санауымыздың алғашқы ғасырларында қазіргі Қазақстан жері арқылы үлкен миграциялық толқынмен Қара теңіз жағалауына, одан да әрі Дунай алқабына ғұндар жеткен. Одан кейін, VI-VII ғасырларда, Батыс Далаға Түркі қағандығының құрамындағы халықтар барса, олардың бір бөлігі хазарлар VIII ғасырда үстемдік етті, олардың қысымымен қозғалған үлкен халық бұлғарлар кең жайылды, қазіргі Татарстан жерінде Ұлы Бұлғария мемлекеті құрылды. Олардың оңтүстігін IX ғасырда печенег¬тер, XI ғасырдың екінші жартысында батыс қыпшақтар жайлады. Осының бәрі Шыңғыс хан әулеті орнықтырған Жошы ұлысының құрамына соғыс арқылы да, саясат арқылы да алынды. 815 жыл бұрын - 1206 жылы - құрылған Моңғол империясының батысында Жошы ұлысы, оның батысында 780 жылдай бұрын - 1236- 1242 жылдары- Батый және онымен бірге туған оң қол бекзадаларының мемлекеті қалыптаса бастап, ол дербестікке қол жеткізгенде кейінгі әдебиетте Алтын Орда деп аталып кетті. Моңғол империясынан Меңгу-Темір хан тұсында бөлініп шыққан заманда хандыққа ұзақ жылдар Ноғай беклербектің билігі жүріп тұрғандықтан ұланғайыр елді халық Ноғайлы атады. Баты мемлекеті ыдырап, оның мұрасына ие болу тартысы жылдары да, Тоқтамыс хан заманы да, одан кейінгі Ноғай Ордасы заманы да - бәрі елдің тарихи танымында Ноғайлы заманы. Сонымен, Алтын Орда тарихы дербес мемлекет ретінде 4 кезеңнен тұрады: 1266-1359, 1359-1380, 1380-1396, 1396-1444.
- Ілияс Есенберлин өзінің “Алтын Орда” трилогиясында Алтын Орданы қазақ хандығының атасы ретінде суреттеген екен. Қазақ тарихындағы маңызына тоқталып өтсеңіз.
- Қазақ тарихындағы маңызын халқының ру-тайпалық құрамы, тілі, әдебиеті мен өнері, саяси дәстүрі белгілеп тұр. Ноғайлы заманында халық бірнеше ірі миграциялық толқуды бастан кешірді. Әуелі түркі-моңғол әскерлері Батыс Дала аймақтарына жеткен соң дала халқының бір бөлігі Сарыарқа жерінен Еділ-Жайыққа, одан әрі Қырымға дейін қоныстарын кеңейтті, Батыс Даладағы ағайындарымен тығыз араласты, Алтын Орда қалаларына жуықтап көшті немесе сол қалаларда тұрды. Кейін, күйзелісті замандарда кері ығысты, қазіргі қазақ жерлеріне оралды. Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы заманында да бірде батысқа, бірде шығысқа қоныс аудару жалғасты. «Қырымның қырық ба¬тыры», «Ноғайлының қырық батыры», сол замандардың эпикалық мұрасы осыны анық байқатады. Ноғайлы заманының жазба әдебиеті, өнері қазақ мәдениетінің құрамдас бөлігі. Байырғы қыпшақ саяси дәстүрі де жалғасын тапты. Қазақтың құнарлы топырағында байырғы мәдениет байи түсті.
- Алтын Орданың бір орталығы, әкімшілік, мәдени, діни орталығы қазіргі Сарайшық туралы айтпай кетуге болмас.
- Сарайшық Алтын Орданың, Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының маңызды саяси, мәдени, діни орталығы екені айқын. Мұндағы нумизматикалық деректер, қала құрылыстары мен жерлеу орын¬дары мұқият зерттелуде. «Жеті хан» жер¬ленген Сарайшық кейінгі ғасырларға күйзелмей жеткенде және қаланың бір бөлігін Жайықтың суы опырып, шайып кетпегенде зерттелетін нысандар тіпті көп болар еді. Сарайшықтың маңызы 1521 жылдың басында қайтыс болған қазақтың ұлы ханы Қасымның осында жерленгенінен де көрінеді. Ханның сәулетті күмбезінің де қалпына келтіріліп, қайта бой көтеретін уақыты алыс емес. Соңғы жылдардағы қазба жұмыстары кең сипат пен қарқын алып, ортағасырлық Сарайшық бейнесін жарқырата көрсете алатынына сенімдімін.
- Ертеректе Алтын Орда тақырыбын зерттеген қазақ ғалымдарының қудаланып, жапа шеккендері аз емес. Ал, бүгінгі тәуелсіздік заманында зерттеу жұмыстары қалай жүргізілуде?
- Алтын Орда тарихы - әлемдік тарихтың үлкен бір саласы. Көптеген елдердің, біздің елдің де зерттеушілері бұл бағыттағы зерттеулерге өз үлестерін қосып жүр. Соңғы жылдардағы үлкен жетістіктеріміз археология ғылымының үлесінде. Бүкіл Жошы ұлысы аумағында қалған, бұрын жете ескерілмеген ескерткіштер ашылуда немесе жаңғыртылуда. Алтын Орда әлемдік империя болғандықтан оның қалдырған мұрасы әлі талай тиянақты зерттеулерден өтпек. Әлем зерттеушілерінің алдына шықтық деп айту бұл күнде асығыстық болады. Оны заман көрсетеді. Қазір мүмкіндіктер көп. Жас ғалымдар да өсіп келеді.
- Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту аясында жоспарға сәйкес жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шараларға өзіңіздің қосар ұсыныс- пікіріңіз бар ма?
- Мемлекеттің өзі мән беріп отырғандықтан, Алтын Орда мұрасын зерттеуде енді ешбір мәселе қалыс қалмайтыны анық. Бұл тұрақты ғылыми бағыт. Алтын Орда ғана емес, оның шығысындағы Ақ Орда, оңтүстік- шығысындағы Шағатай мемлекеті, кейінгі Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығының материалдық және жазба мұралары, әдебиеті мен өнерін зерттеу ісі жаңа деңгейге көтеріліп, жалғасатын болады. Жылдан-жылға дамытыла беретін зерттеу жұмыстары өзінің үлкен нәтижесін береді деген ойдамыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Б.САПАРОВА