Қасым-Жомарт Тоқаев: Алтын Орда мұрасын туризмді дамытуға пайдалануымыз керек

Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Атырауда өтіп жатқан «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қатысушыларына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

«Баршаңызды «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды», - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында. Сондай-ақ, Президент еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылғанын еске салды. «Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек», - деп жазылған құттықтау хатта.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT