«Менен мықты ақын бар ма?» Хамаңның қалжыңы

Бірде академик Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев Іле бойындағы бір үйде қонақта болып, түс қайта қалаға қайтады.

Ахаң өзінің «ГАЗ-21» машинасын жүргізіп келе жатады. Мамыр айының тамылжып тұрған кезі екен. Жол бойының табиғаты малына құлпырып көз тартады. Осынау табиғат құшағына сәл аялдап, бір тыныс жасағысы келген Хамаң машина жүргізіп келе жатқан Ахаңның көңілін аулап, бір сөз бастапты.

– Аха! – дейді Хамаң.

– Әу!

– Дүниенің жүзінде менен мықты ақын бар ма?

– Дүниенің жүзі болған соң сізден де мықтырақ біреулер болатын шығар.

– Ойбай-ау, жоқ қой ол!..

Ахаң «мұнысы қалай?..» дегендей Хамаңа күдіктене бір қарап қояды. Хамаң болса шыншыл шыраймен әлгі пікірін орнықтыра түскісі келгендей:

– Шын, Аха! Дүниедегі ақын атаулының ішіндегі асқар биігі -  жалғыз мына мен!, – дейді.

Осы кезде Ахаң қабақ шытып: – Осындай сөздің керегі не, бүгінгі жұрттың ішінде осыны да өсек қыла алатындар бар! – депті.

– Ал, егер мен дәлелдесем ше?..

– Е, немен дәлелдемексіз?

– Білсеңіз айтыңыз, дүниенің жүзінде, қай континетте, қай елдегі ақынның шофері академик? – дейді Хамаң. Сонда Ахаң заулатып келе жатқан машинасын дереу тежеп, жол шетіне тоқтатыпты да: – Мұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды! –деп, кеңкілдей күлген екен.

Мұнан әрі машинаның қобдишасы ашылып, табиғат аясында рахаттана тыныс алысса керек.

Ел аузынан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521