Небір қаламгерлер қанаттанған қасиетті Нарын топырағы қазір де жақсы ақын, еңбекқор жазушы, жүйрік журналистерден кенде емес. Ал оларға жасалар қолдау, артылар сенім, көрсетілер құрмет болып жатса, көпті риза қылар көргенді істің де бірі сол болмағы анық. Міне, осындай бір игілікті іс өткен айдың соңғы ширегінде жүзеге асып, әдебиет сүйер қауымды бір қуантып тастаған жайы бар. Ол – ауданымыздың қос бірдей қаламгері Бектенов Мұрат Бектенұлы мен Есекеш Адайбек Сәдірұлының Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылдануы болды.
Екеуі де Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі болып табылатын қос қаламгер жерлестеріне де етене танымал. Өзінің қалам тербеуімен, құрастыруымен, редакторлық етуімен «Қос өзен мұнайшылары» (2008 ж), «Қасиетіңнен айналдым» (2009 ж), «Заман сыры» (2013 ж), «Айшықты әлем» (2014 ж), «Қайраткер қыз Хатима» (2014 ж), «Дәуір жаңғырығы» (2015 ж), «Қызыл үй менің мекенім» (жерлес қаламгер Мұхамбет Сыеховпен бірігіп жазған, 2018 ж), «Көкжалдар айқасы» (2020 ж), «Тағдыр тәлкегі» (2021 ж), «Құмаршық» (2021 ж), «Арманым менің – жырларым» (2021 ж), «Қасиет қонған өлке» (2022 ж), «Ғасыр қасіреті» (2021 ж) кітаптарын жарыққа шығарған Мұрат Бектенұлы - ауданымыздың Құрметті азаматы, «Боз жусанның бүршігі» (2013 ж), «Жүректегі жыр шыңы» (2020 ж) жыр кітаптарын оқырманына ұсынып, ауданның шежіре кітабы авторларының бірі де болған Адайбек Сәдірұлы - «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Қаламгерлер туындыларының тақырыптары да әр алуан болып келеді. Оларда туған жер тарихы, өскен ел шежіресі, ел үшін еткен еңбек, ауылдың адамдары, өнер мен өмір қара сөзбен де дестеленіп, өлең сөзбен де кестеленеді. Оның бәрі-бәрінің үлкен-кіші оқырманның қай-қайсысына ой да салары, өнеге де болары қуантады.
«Жақсы десе жан сүйінген», енді міне, қос қаламгердің анау алыптар шоғыры бастап, соңындағы сөз зергерлері қостап, қазіргі небір зиялыларымыз да қатарында жүрген айтулы ұйымның мүшесі болып табылуы жерлестері үшін де үлкен мерей болуда. Сол ауылдастары атынан оларға алда да шығармашылық жетістіктер тілеп, өз оқырманын табар жаңа туындылар күтеміз.