Қаланың тынымсыз қарбаласынан шаршағанда, жан дүнием ауылға қарай тартады. Ауыл – менің тынығатын, өмірге қайта келгендей болатынымды сезінетін жалғыз мекенім. Табиғаттың тылсым тыныштығына сүңгіп, таза ауамен демалып, интернеттен ажырап, шынайы өмірдің дәмін қайта сезінгенде, санаң жаңарып, жаның тыныстайды. Бірақ ауылға келген сайын мені ең ерекше қарсы алатын – теңіз. Ауылымның ең қымбат байлығы, ең үлкен қазынасы – қарт Каспий.
Теңіз жағасына келгенде, бойымды еріксіз тыныштық билейді. Жүрегімде қалған мазасыздықты теңіз толқындары жуып-шайып әкетеді. Кейде толқындардың баяу қозғалысын бақылайсың, кейде олардың алқынған күйін көріп, өзіңді терең ойға батырғанын аңғармай қаласың. Қанша рет қарасам да толқындардан көз ала алмаймын. Олар – менің ойымды ретке келтіретін, жүрегімді жеңілдететін, жанымды жұбататын бір ғажайып күш. Сондай сәтте М. Жұмабаевтың «Толқын» өлеңі санамда қайта жаңғырады.
«Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысады»,-деп басталатын шумақтары адамның өмірге келген сәтінен-ақ жанталас пен үздіксіз қозғалыстың басталатынын баяндайды. Әр адам өз жолында мақсаттарына ұмтылады, кедергілерді жеңіп, өмірдің ағысына қарсы жүзіп, өз орнын табуға тырысады. Сол күрес пен жарыста адам уақыттың қалай өткенін аңғармай қалады.
Ал келесі жолдарда ақын:
«Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап…» – деп жаныңа жақын адамдармен сырласып, өмірдің мәнін бірге сезініп, көңілге жылулық сыйлайтын сәттерді сипаттайды. Адам баласының өмірі тек еңбекпен ғана емес, жүрекке жақын адамдармен сыр бөліскен сәттерімен де көркем. Теңіз толқындарының бір-біріне еркелеуі, өзара үндесуі – біздің достарымызбен, жақындарымызбен өткізген өміріміздің көрінісі.
Ақын өлеңінің соңғы шумақтары жүрекке ерекше әсер етеді:
«Жылағаны – күлгені,
Күлгені оның – өлгені,
Жылай, күле өледі.
Өледі толқын, тынады…»
Бұл жолдарды оқығанда, көзге еріксіз жас келеді. Өмірдің өткіншілігі, қуаныш пен қайғының қатар жүретіні анық көрінеді. Ақынның бұл сөздері өмірдің жалған екенін емес, керісінше, оның әрбір сәтін бағалауға шақырады. Толқындардың өліп, тынышталуы – әрбір адамның өз тағдырын сүріп, соңында өмірдің соңғы аялдамасына жетуін бейнелейді. Бұл – табиғат заңы, бұл – өмір шындығы.
Толқындардың әрбір соғысы бізге терең сабақ береді. Олар адамның қуанышы мен қайғысын, биіктерге жетуін және құлауларын бейнелейді. Өмірдің өзі теңіз секілді: кейде толқып, кейде тынышталып, бізді алға жетелеп отырады. Әрбір толқын – жаңа мүмкіндік, жаңа бастама. Біз оған дайын болуымыз керек, өйткені әрбір сәттің өз мағынасы бар.
Мағжан Жұмабаевтың өлеңі бізді өмірдің терең мәнін түсінуге шақырады. Өмір – бұл тек жылдам өткен уақыт емес, ол – әрбір қуаныштың, әрбір ауыр сәттің сабақ екенін ұғыну. Ақынның толқындары бізге бір сәттік өмірді сезінуді үйретеді.
Өмір – кемең. Толқындарға қарсы жүзесің, кейде олар сені алға жылжытады, кейде артқа итереді. Бірақ теңіз бетіндегі әрбір толқын сенің өміріңнің тарихын жазады. Олай болса, біз неге осы қысқа ғұмырды әдемі етпейміз? Не үшін өзімізді шектейміз? Теңізге қарап, мен үнемі өзіме мына сұрақты қоямын: «Өмірде қандай ізіңді қалдырдың? Өз толқындарыңды қалай жасайсың?».
Бұл өмірде шексіз мүмкіндік бар, адамзат. Жаратқан берген қысқа ғұмырды жан-жақты пайдаланып, өз тарихымызды толқындардай мәңгілік етейік!
Әсел ТАБИҒАТОВА