Жаңа әдебиеттер жайында

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біздің мақсат айқын, бағытымыз белгілі, ол - әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу» деп мақсат қойды.

Ал, оның шарты «Жаһандағы заманауи мәдениет» жобасын іске асыру болып табылады. Осы орайда мәдени өнімдеріміз алдымен рухани жаңғыру құралы - кітап түрінде өркендеуі тиіс, яки ақын-жазушыларымыздың қаламынан туған туындылар бұл бастамаға ықпал ететіні мәлім. Қадірлі оқырман! Жыл өткен сайын кітапханамыздың алтын қоры молая түсуде. Соның бір кезекті түсірілімі тағы да келіп жеткендігін сіздерге қуанышпен хабарлағымыз келеді. Яғни, бұл - 2018 жылдың күз айларының соңғы күндерінде түскен жаңа әдебиеттер.

1. Ә.Асқаров. «Қиғаш хикаясы»:Әңгімелер –Алматы: Раритет, 2018.-632 б. Жазушының жаңа жинағына кезінде оқырман қауым жақсы қабылдаған «Әйел парасаты», «Социализм әңгімесі», «Аңшы хикаясы» топтама туындылары, «Сафари жазбалары» атауымен жолжазба эсселері, сондай-ақ әр жылдардағы таңдамалы әңгімелері енгізіліп отыр. Кітап жалпы оқырман көпшілікке арналған.

2. О.Әбділдәұлы. «Аңыз бен нағыз». Дастандар мен толғаулар.-Алматы: «Макус-Эль Медиа Групп» ЖШС, 2018.-288 б. Қаламгердің жан-жүрегін жарып шыққан дастандар мен толғаулар өрлік, ерлік, қайсарлық қасиеттерге толы. Аңыз болуға лайық нағыз өркениетті өмір ұландары ғылымда, өнерде, спортта және басқа да салаларда тәуелсіз ел патриоттарының қатарын толықтыру үстінде. Кешегі қазақ аңызына айналған ғажайып кейіпкерлердің тірі бейнесі бүгінге ұласып жатқанын көруге көз керек. Иә, қазіргі қоғамда ондай ерекше тұлғалар өз арамызда жүр. Отансүйгіштік рухпен суарылған сондай азаматтар туған жерге туын тігіп, Қазақия елінің қаһармандары атануға талпынады, алға ұмтылады. Дастандар мен толғаулар топтамасы нағыз аңыз жандардың бейнесін қазақтың жүрегіне жақын жыраулық дәстүрмен жеткізеді.

3. Ж.Әбдіраш. «Қалдырған ізің мәңгілік». Естеліктер, эсселер, арнау өлеңдер. Алматы. «Мер-РRЕSS» баспасы, 2018-248 б. Бұл жинаққа қазақтың көрнекті ақыны, өлең-сөздің хас шебері Жарасқан Әбдіраш жайлы белгілі әдебиет зерттеушілері мен сыншыларының, қаламдас аға-інілерінің, дос-жарандарының, аяулы жары мен перзентінің жүрекжарды лебіздері мен ыстық сағынышқа толы естеліктері еніп отыр. Ақындық пен азаматтық болмысы біте қайнасқан сан қырлы талант иесі, қайталанбас дара дарын Ж.Әбдіраштың шығармалары ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы болып қала береді.

4. Әбілхайыр хан. «Аңыз бен ақиқат»: Жинақ. Алматы: «Керемет медиа», 2018.-320 б. Бұл жинақта Әбілхайыр хан туралы кеңестік және шетелдік тарихшылар қалыптастырған көзқарас, оның қайраткерлігі мен тарихтағы орнына жаңаша қарауға бетбұрыс жасайтын деректер, дәйектемелер келтіріліп, белгілі тарихшылардың еңбектері топтастырылады. Кітап тарихсүйер көпшілік оқырманға арналған.

5. С.Әшімбаев. Шығармалары. Алматы:«Қазақ энциклопедия- сы», 2017,-400б. Өмірден ерте кетсе де, артына мол рухани мұрасын қалдырған белгілі әдебиет сыншысы, мемлекет және қоғам қайраткері С.Әшімбаевтың үш томдық шығармалар жинағының бұл екінші томына әдебиетіміздің толғақты мәселелері, сол уақыттағы ақын-жазушыларымыздың жеткен жетістіктері мен кемшіліктері жайында 1980-1990 жылдар аралығында жазған әдеби сын мақалалары мен ойтолғамдары енгізілді. Қазақ әдебиетінің өткен жолынан тағылымды сыр шертетін бұл тамаша еңбектер кеше қандай қажет болса, бүгін де сол мән-маңызын, өміршеңдігін жойған емес.

6. С.Досанов. «Жиырмасыншы ғасыр»: Роман-эпопея. 4 кітаптық. Алматы «Арда+7» 2018.4-ші кітап. -496 б. Бұл «Жиырмасыншы ғасыр» роман-эпопеясының төртінші кітабында тәуелсіздік жылдарындағы басты оқиғалар суреттеліп, азаттық алған қазақ елінің қиындықтарды еңсерген қымбат кезеңнің көркем понарамасы жазылады. Іс-әрекет үстінде бейнеленген кесек кейіпкерлердің бірде тәтті, бірде қатты күрделі тағдырлары кестелі тіл, оралымды оймен суреттелген және ол шығарманың әлеуметтік әлеуетін арттыра түскен.

7.Ғ.Жандыбаев. Шығар-малары. 2 том: эсселер, этюдтер. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2018.-400 б. Үш томдық шығармалар жинағының екінші томына ақынның қырық жыл бедерінде (1977-2017) қағаз бетіне түсірген, төрт кітаптан тұратын «Оттан түспеген ойлар» эсселер мен этюдтер циклінің «Өмір формуласы» деп аталатын бірінші бөлімі енді. Әр кезеңнің ойлау, сөйлеу және жазу қалпы өзгеріссіз сақталады. Жинақ көпшілік оқырманға арналған.

8. А.Жантасов. "Жартас- ты жасанған жасақ." (Қара майордың мұсылман батальоны) - Алматы: «Хантәңірі» 2018.-624 б. Бұл кітапта КСРО Бас штабы Бас барлау басқармасының 177-ші арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрылуы мен күнделікті өмірі жайлы жазылған. 1980 жылдың қаңтарында Алматы облысы, Қапшағай қаласында құрылған, аты аңызға айналған Қара майор – Керімбаев Борис Төкенұлы басқарған атақты «Мұсылман батальоны» 1981 жылдың қазан айынан 1989 жылдың ақпанына дейін Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы шектелген контингенті құрамында болады. Өз іс-әрекеттерімен жасақ өшпес жауынгерлік даңққа бөленіп, арнайы мақсаттағы әскерлер арасында да ең белгілі бөлімдердің біріне айналады. Оқиға оқырмандарымызға патриоттық рух беріп, отаншылдық тәрбиеге жетелеп отырады.

9. Б.Қосбасаров. «Қобыз өнері» /оқытушылар мен студенттерге арналған оқу құралы.- Алматы, «Айғаным» баспасы, 2018.-172 б. Автор қобыз үйрену сыры, оған берілетін әдістемелік кеңестер, саз сарынына лайықты дыбыстың шығуы, қобыздың ұлттық нақышы мен жалпы табиғаты жайында лайықты баяндаған. Сондай-ақ кітаптан қобыз өнерінің өкілдері туралы мол деректермен қатар халық күйлері, Қазақстан композиторларының қобыз күйлері дәстүрінде жазылған бірқатар еңбектері еніп отыр.

10. С.Иманасов. «Айтып-айтпай не керек...» - Алматы, ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2018.-560 б. Көрнекті ақын С.Иманасовтың бұл шығармасы негізінен әдеби портреттер, естеліктер, алуан тақырыпты қозғайтын мақалалар мен эсселерден тұрады. Елге белгілі тұлғалар өмірінен алынып, жатық тіл, көркем оймен көмкерілген шығармалар оқырман жұртты бей-жай қалдырмайды. Ондағы кейіпкерлердің былайғы жұрт біле бермейтін өмір өрісі, өнеге-үлгісі ұтымды штрих, дәлелді детальдармен әдемі өріліп отырады да, оқырманын бірден баурап алады.

11. А.Мәжитұлы. «Мұқали».- Алматы: «Алатау»,2018.-480 бет. Бұл кітап – қандасымыз Ақбар Мәжиттің көп жылдар бойы архивтерде отырып, зерттеген құнды еңбектерінің бірі. Ол Шыңғыс ханның оң қолы болған, қырық жыл аттан түспеген батыр-қолбасшы Жалайыр Мұқали жайында. Кітап қытай тілінен тікелей аударылғандықтан, кейбір атау-лар мен сөз қолданыстары сол күйінде сақталғандығын еске саламыз. Басылым үш тілде жазылған.

12. А.Мекебаев. «Шығар-малар» Алматы «Нұрлы Рress KZ».-2018 .Т.3.-2018.-384 б. Қашанда ізденісте жүріп, қарапайым халық бастан кешіп жатқан мәселелерді қаламына батыл арқау ететін жазушының бұл томында Байқоңыр космос айлағына ұшырылып жатқан түрлі зымыранның тек сол төңіректің тұрғындарына немесе адам баласына ғана емес, жалпы жер бетінде қыбырлаған тіршілік атаулы мен көгеріп шығатын көк шөпке дейін зардабын тигізетін экологиялық кесел екенін көркем сөзбен шебер кестелей білген «Дауылды жер» романы еніп отыр. Ал қыз баланың бойжеткен кезде түрлі аласапыран сезімге бой алдыруы салдарынан ұшырасатын өкінішті тағдырын суреттейтін «Жар жағалаған қыз» повесі мен бала тәрбиесіне қатысты қым-қиғаш оқиғаға толы «Кездік» повесі де осы томның ішінде.

13. Т.Меңдіғали. «Соңғы жиһангер». Әңгімелер мен хикаяттар -Алматы: «Мер-РRESS», 2018-190 б. Жазушы Т.Меңдіғалидың бұл жинағында жастар өмірі, махаббат, сүйіспеншілік, достық, адамгершілік тақырыптары өзек болған. Жазушының жазу стилі, баяндау мәнері, оқиғалар желісін құруы қаламгердің өз қолтаңбасы қалыптасқандығын айқын аңғартады. Шығарма тілі көркем, шырайлы, қызықты оқылады.

14. Б.Мұқан. «Шығармалар», 2-том. -Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС,2018.-480 б. Қазақтың көрнекті қаламгері ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бекқожа Мұқайдың шығармаларының 2-томына «Өмірзая» романы беріліп отыр.Танымал қаламгер, дарынды драматург, қарымды публицист бұл іргелі туындысында заманымыздың ащы шындығын, ұлтымыздың ұяты мен намысын, тауқыметі мен тағдыр талайын, бодан қоғамның болмысын суреткерлікпен баяндайды. Шығармада бас кейіпкер Аяған Қуатовтың қасаң жүйеге қарсы тұрған күрескерлігі мен қайсарлығы шынайылықпен бедерлі бейнеленген. Романның тілі кестелі, оқиғасы қою.

(Жалғасы бар)

Аудандық орталықтандырылған кітапхана библиографы: Маусым Тулеуишова.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT