Абай - қазақты қапастан құтқарған ұлы тұлға

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 10 тамыз - «Абай күні» деп белгіленіп, мерекелер тізбесіне енгізілді.

Мақсат - Абайдың рухына тағзым ету арқылы ақынның мұрасын ұлықтау, аманатқа адал болу, жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіру.

ХIX ғасырда қазақ елі қандай қиын заманды бастан кешкені ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты әдеби көркем шығармасынан баршамызға белгілі. Осындай қара түнек заманда «қалың елі, қазағы, қайран жұртын» қапастан құтқаруды бастаудың ұлы миссиясын атқару үшін Абай дүниеге келді. Осылайша кемеңгердің бүкіл саналы ғұмыры мен еңбегі туған халқын қайта жаңғыртуға, алға жетелеуге, барынша тереңдей түскен тоқыраудың шыңырауына батып жоғалуынан құтқаруға бағытталды.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан халқы үшін ғұламаның әрбір сөзінің өзектілігі күн сайын артып отырғандығында. Ел болуды, толық адам болуды, қара басыңа емес, қалың жұртыңа, тіпті барша адамзат игілігіне пайдаңды тигізіп өмір сүруге үндейтін, анығында үйрететін - осы Абай мұрасы.

Расында, егемендігін алғанына елеулі мерзім өткенімен қазіргі қоғамның тіпті осынау тәжтажалдан да мың есе қатерлі асқынған індетіне айналған жаппай жемқорлықтың да түп себебі - елдіктің, мемлекеттіліктің мәнін сезіне алмаушылықта. Осы жер, мына тәуелсіз ел, оның қазына байлығы пенденің жеке басының ғана емес, ертеңгі жетпіс жеті ұрпағына дейін тозбай, тоналмай, берекесі қашпай жетуі тиіс қастерлі ұғым екендігіне түйсігі жетпеуінде. Мұның да тамыры ұлттың ой-санасын, болмысын әбден әлсіретіп, тоздырған отарлық заман мен кеңестік жүйенің зымиян әрекетінде.

Ендігі мақсат-мүддеміз біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық Абай ұсынған өркениетті жолмен жүру. Абай - жаңа дәуірдің бастауы.

Оның әр сөзі алтынмен пара-пар десе де болады. Яғни, түнде де, күндіз де адаспайтын темірқазығымыз, бағдаршамымыз. Сондықтан Абай сөзін игеріп, мұрасын ұғынып, абыздың аманаттарына адалдық танытып, еңбектерін жатқа білу- әрбір қазақстандықтардың парызы, міндеті болса керек. Ендеше, Абайды тануға баршамыз да атсалысайық, ағайын!

Мынадай тажал індеттің үрейі сейілмей тұрған күрделі шақтың өзінде үміті ақ, тілегі таза, жаны жомарт жұртымыздың бірауыздан қолдауымен Абай күні мемлекеттік мәртебесі баршамыздың жүрегімізге ұялап, ендігі жаңа дәуірдің басы, толыққанды адам, өркениетті қоғам, мәуелі мемлекетке айналуымыздың негізі болатындығы кәміл.

Аяпберген Салихов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521