Биыл - қазақ мұнайының 120 жылдығы.
Исатай аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткізілген салтанатты шарада аудан әкімі Марат Мурзиев кәсіби мереке иелерін құттықтады.
«Еліміздегі ірі мұнай кен орындарының табылуы шын мәнінде өңірдегі тірлікті түбегейлі өзгертіп, тарихтың жаңа беттерін ашты. Табиғат ананың құшағындағы қазынаны шашау шығармай, ел игілігіне беріп отырған адал еңбектеріңізге ризашылығым шексіз. Бұл - мұнайшылардың еңбекке жұмылған ерен күші мен қиын қызметте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алған ынтымағының жемісі. Қажырлы еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды» деді ол өзінің жүрекжарды тілегінде.
Жиын барысында мерекелік медальмен «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нан Әділбек Ғапуров, Талғат Ғұбайдуллин, Бекқали Дощанов, «Сазанқұрақ» ЖШС-нен Жасұлан Хамметов, Рүстем Жөкеев, Тілек Апешов, «Потенциал Ойл» ЖШС-нен Серікқали Балманов, Кандрат Әбілғазиев, Ғаділбек Мырзағалиев, «Ембімұнайэнерго» басқармасының аудандық «Жайық» электр торабынан Жолдасқали Жұмағалиев, Бауыржан Наурызалиев, Төлеген Аққанатов марапатталды.
Сондай-ақ бірқатар сала үздіктері ҚР Энергетика министрлігінің Құрмет грамотасын, аудан әкімінің алғыс хатын иеленді.
Өз тілшіміз