Алғыс айту - асыл қасиет

фото: интернеттен

Қазақстан халқы 2016 жылдан  Алғыс айту күнін атап өтіп келеді. Алғыс айту күні – ол, ең алдымен, елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің нышаны.

Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды. Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күні.

Алғыс айту күні – қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні.

Алғыс айту күні - қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні.  Әрине, мереке біздің менталитетке сай емес деушілер табылар. Дегенмен, жылдың бір күнінде не үшін рақмет айту керек екенімізді ойлана жүрсек, артық етпейтін секілді. Жалпы, жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жеріне бес жарым миллионнан астам адам жер аударылған. Сол жылдары қазақ халқы қуғын-сүргінге ұшыраған орыс, кәріс, украин және поляк сынды ұлттарға көмек қолын ұсынған. Сол себепті де этно-мәдени орталықтардың өкілдері бүгінде Алғыс айту күні қазақстандықтарды бір-біріне жақындастырып, біртектілік пен біртұтастықты нығайта түседі деп санайды. Елге жер аударылғандарға көмектескені үшін қазақтардың өздері де қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін еді. Бірақ, қазақ халқы соған қарамастан қауіп-қатерге бас тіккен. Мысалы, Алжир лагерінің қарауылына білдіртпеу үшін жала жабылып сотталғандардың әйелдеріне тас атқандай болып, құрт лақтырып, оларды аштықтан құтқарған.

Біле-білгенге бұл күннің мән-мағынасы өте тереңде жатыр. Күні бүгіндері қазақ елінде тату-тәтті тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері «қазақ халқына, қуғын-сүргін көріп, бір тәулікте Қазақстан жеріне айдалып келгенінде барлығына қамқалы тонын кигізіп, ас- суын алдымыздан тосқаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз» дейді. Расында да, сонау қиын-қыстау заманда Қазақстан топырағына келген өзге ұлт өкілдері жатар жерін беріп, бір нанын бөлісіп, оны өзге деп көрмей, өзінің ба-уырына басқан қазақ халқына шексіз риза. Сондай-ақ, Ата заңымызда дініне, тіліне, шыққан тегіне қарамастан Қазақстанда мекен ететін барлық ұлттардың тең екендігі жазылған. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктелгені анық. Мұндай міндетті еліміз өзге этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа деген шексіз құрметі мен алғыс сезімі арқасында ойдағыдай іске асыруда.

Қазақ «кең болсаң, кем болмайсың» деген әрқашан. Сол мінездің арқасында өзінің ғана емес, өзгенің де көңілін тауып келеді. Кішпейілділік, кешірімді болу, алғыс айта білу секілді қазақы қасиеттер де бойымызға дарыған. «Кешірімді болған кішірейіп қалмайды» дейді қазақ халқы. Яғни, кез келген қысылтаяң шақта ел ішіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бекемдей біліп, ұлт пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықты нығайту арқылы межелеген мақсаттарымызға жету маңызды. Кезінде бауыр басып, қанатын Қазақстанда қатайтқан отандастарымызбен бірге шаңырағымызды биіктетіп, керегемізді кеңейту – әрқайсымыздың міндетіміз. Алғыс айту күнінің негізгі идеясы мен басты миссиясы да осы.

                                                                                                            Өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521