Алтын орданың 750 жылдығы: Атырау қалай дайындалып жатыр?

27-29 қазан аралығында өтетін «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» халықаралық конференциясы аясында Атырауда бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылады. Соның бірі – 27 қазанда Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтеді.

«Айбыны асқан Алтын Орда» әдеби-театрландырылған композициялық қойылымның режиссері Жанат Телтаев пен суретшісі Темірбек Мұхтаровтан алдын ала дайындық барысын сұрап білген едік.

«Барлық әуен – жанды дауыста»

– Көрермен қойылымнан қандай тарихи тұлғаларды көре алады?

Жанат Телтаев: – Сахнада тақырыпқа сай үлкен декорация жасалып, led-экранда арнайы дайындалған деректі фильм мен бейнероликтер жүреді. Декорациялық композицияларда «Сармат» этно-фольклорлық ансамблі орналасады. Барлық музыкалық шығармалар мен сүйемелдеулер жанды дауыста орындалады.

Қойылымда Шыңғыс ханнан Жәнібек ханға дейінгі Алтын Орда тарихы, батырлар, тарихи тұлғалар бейнелері суреттеледі. Сондай-ақ Сарайшықтың әйгілі аңызы – алтын қайықты қыз, Алтын Орда хандарының шеруі, Ұлы Жібек Жолы, «Алтын Орда мұрагері – Қазақ хандығы» театрландырылған композициялары көрсетіледі. Биші топтар мен актерлерден құралған хореографиялық композициялар, «Номад» каскадерлік тобының сахна сайысы да көрсетіледі.

whatsapp-image-2021-10-25-at-11_01_20-1024x682

– Басты қандай элементке мән бердіңіздер?

– Сән-салтанаты мен қайрат-күші аңызға айналып, заманында жарты құрлықты тұтас билеген алып орда, ұлық ұлыс Алтын Орданың тарихы – таусылмайтын тақырып, түпсіз терең қазына. Жүздеген жылдар бойы ақындардың қиялын, тарихшылардың қаламын тербеген ұлы империяның ірі саяси-экономикалық орталығы – Сарайшық қаласын басты элемент етіп көрсетеміз.

«Сахна тек дала өсімдіктерімен безендіріледі»

– Қандай жаңашылдық болады?

Темірбек Мұхтаров: – Театр ғимаратының алдына хан сарайына кіріп келе жатқан дәліз секілді декорациялық композиция құрылады. Атқа мінген 6-8 батыр сол алаңда тұрады. Екі жағында киіз үйлер құрылады. Декорациялық оттар мен күшейткіш жарық эффектілері пайдаланылады. Театр колонналарының арасында Алтын Орданың әр жылдардағы таңбалары бейнеленген жалаулар, басқұрлар ілінеді.

Декорацияның негізгі атмосферасы – қонақ күту. Қонақтар ортаға төселген қызыл кілеммен жүреді. Кіре берісте ауқымды декорациялық тақырып (баннер) және led-экран тұрады. Театрдың қасбетіне тарихи элементтерден бутафориялық безендірулер жасаймыз. Ондағы мақсат – облыста ауқымды шара өтіп жатқанын қалың жұртқа көрсету.

Алтын Орда дәуіріндегі Шыңғыс ханның ұрпақтары жайлы планшеттер де ілінеді. Әсіресе, Сарайшықты тұрғызған Мөңке Темір туралы ақпараттар басым болады. Мәскеу мен Сарайшықтың ұқсас тұстарын да көрсетуге тырыстық. Ағаш, темір, қалқандарды пайдаланып, бірыңғай әскери уақытты ғана емес, бейбіт күндегі элементтер жасадық. 50-ден астам спектакльді саханалаған суретші ретінде өз басым әрбір іс-шараға перзентімдей қарауға тырысамын.

Өйткені, көреременге безендірудің өзі барлығын айтып тұруы керек. Сахнаның авансценасына негізінен гүлдер қойылып, сахна тек дала өсімдіктерімен жусан, жыңғылдармен безендіріледі.

whatsapp-image-2021-10-25-at-11_01_32-1024x682

whatsapp-image-2021-10-25-at-11_01_27-1024x682

– Көрермендер келіп қарай ала ма?

– Әрине, тарихқа қызығушылығы бар көрермендер келіп қараймын десе мархабат!..

– Істеріңізге сәттілік тілейміз!

                                                                                                                                                                                                                                                                                                             Сұхбаттасқан Нұргүл Насыр

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT