Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздер отбасының берекесі, мейірім мен шуақтың, әсемдік пен әдеміліктің бастауысыздар.
Қазақ тарихының қай кезеңінде болмасын аналарымыз асқан ерлігімен қатар, өнегелі істерімен дараланып отырған. Әрбір шаңыраққа жылылық сыйлап жүрген аяулы жандарымызды қадірлеу - біздің басты парызымыз. Сіздерге деген ықылас, сіздерге деген ілтипат өлшеусіз.
Әйел-аналарымыз отбасының тірлігінен бөлек, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына да зор үлес қосып келеді. Өздерінің білімі мен біліктілігінің арқасында әр салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандыларымыз жетерлік.
Қымбатты бүгінгі мереке иелері!
Көктем айымен бірге жылылық пен қуаныш ала келетін осынау мереке қарсаңында сіздерге мықты денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй тілеймін. Отбасыларыңызда қуанышты күндер, жағымды жаңалықтар көп болсын. Әлемнің жарығын сыйлаған ақ жаулықты аналарымыз, қаракөз қарындастарымыз, ақылшы апаларымыз қасымызда аман жүрсін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Полымбет ХАСАНОВ
Исатай ауданының әкімі