Әскерилер отбасындағы әсерлі сәт

Мамыр айы мерекеге толы ай.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр – Жеңіс күні ретінде жылда аталып өтіледі. Оның үстіне биыл Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына - 30 жыл.                                                                

Мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштер қатарында қызмет етіп жүрген әскерилер мен ардагерлеріне құттықтай баратын әдетіміз бар еді. Жылдағы дәстүр биыл да жалғасын тапты. Осы жолы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ардагері, запастағы майор, аққыстаулық Нұрасбек Бозбалиев ағамыздың шаңырағын бетке алдық. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Насимуллин бастаған шағын құраммен шарбағына жақындағаннан-ақ төңірегінен жинақылықты байқадық, аулаға кіргеніміз сол еді, көзіміз үй маңындағы жайқалған бау-бақшаға түсе кетпесі бар ма?!

img_5389

Жайқалып өскен жеміс ағаштарына қарап,ерекше әсерде қалдық. Аулаға кірген бізді орта бойлы азамат қарсы алды. Нұрасбек ағам екен. Қасында өмірлік серігі Ләйлә  Габайдулина апамыз да бар. Зейнет жасында болса да, жүрісі ширақ, адымы алымды. 

Шаңырақ иелері біздерге «қош келдіңіздер» айтып, үйге кіргізіп, төр ұсынып, қонақжайлылық танытты. Арамыздағы жасымыз үлкені Ерболат ағамыз алдымен келе жатқан мерекелі күндермен құттықтап, шаңыраққа бас сұғудағы мақсатымызды айтып, үй иесінің әңгімесіне құлақ түрдік.

img_5367

«Иә, әскери адам болу менің бала күнгі арманым еді»,- деп бастады әңгімесін Нұрасбек ағамыз.

- Сол бір арманым мені алға жетелеп, 8-сыныпты бітірген бойда Ресей елінің Саратов қаласындағы ұшқыштар дайындайтын училищеге оқуға баруға шешім қабылдадым. Бірақ училище басшылығынан білгенімдей, үміткерлер оқуға тек 10-сыныптан соң ғана тапсыра алады екен. Содан арманымды тағы екі жыл тосуға тура келді. 10-сыныпты аяқтап, құжат жинай бастағанымда үйдегі анам бұл шешіміме түбегейлі қарсылық танытты. Сөйтіп, Алматы қаласындағы теміржол техникумына оқуға түстім. Дегенмен, өзімнің бала күнгі арманымның жүзеге аспағанына қатты қапалы болдым. Техникумды 1978 жылы тәмамдап, сол жылы екі жылдық әскер қатарына шақырылдым. 1980 жылы әскерден оралысымен Индер ауданы, Индер кентінде оқыған білімім бойынша алғашқы еңбек жолымды бастадым. 1987 жылы тұрақты әскери жұмысқа шақырту алдым. Сол жылы мені Мәскеу түбіндегі әскери институтта жедел оқыттырып, кейін ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа қалдырды. Мен онда радиолокациялық стансасының бастығы қызметін атқардым. 1989 жылы Кеңес үкіметі тарағаннан кейін Ресей Федерациясының мемлекеттік сынақ орталығында әскери қызметте болдым. 1994 жылы Қазақстан әскеріне ауысып келіп, сол тұстағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың бұйрығымен Индер ауданының әскери комиссариатына екінші бөлімше бастығы, кейіннен бірінші бөлімше бастығы болып жұмыс істедім. 1998-2002 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен Исатай ауданында әскери комиссариат, 2002-2005 жылдары Мақат ауданында әскери комиссариат, 2005 жылдан бастап, қайтадан Исатай ауданында әскери комиссариат қызметінде болып, 2008 жылы сол қызметтен зейнеткерлік демалысқа шықтым,- деді ол.

img_5371

Өзінің айтуынша, Ләйлә апамыз да Нұрасбек ағамызбен бірге ұзақ жылдар бірге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қызметінде еңбек етті. 2005 жылдан бастап, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі жасақтау бөлімшесінің бастапқы әскери дайындық, әскери патриоттық жұмыстар, әскери техникалық мектептер, келісім шарт бойынша әскери қызметке іріктеу және әскери оқу орындарына үміткерлерді даярлау жөніндегі инспекторы болып абыройлы қызмет етіп, 2015 жылы осы қызметтен зейнеткерлік демалысына шыққан. Он жылға жуық қызмет еткен еңбек жолында Ләйлә Габайдуллинаның даярлаған, іріктеген үміткерлерінің бірқатары бүгінде әскери салада әртүрлі лауазымдар бойынша еңбек етуде.

Сонау 1982 жылы шаңырақ көтерген ағамыз бен апамыздың отау құрғандарына биыл қырық жыл толып отыр. Өзі татар ұлтынан болса да, қазақ тілін жетік меңгерген. Кейіпкеріміз «Қазақстанда тұрамын» деген сөздің мағынасын түсінген әр адам міндетті түрде қазақ тілін білу керек» деген ұстанымда.

img_5404

Бүгінде Нұрасбек пен Ләйлә –  бақытты әулеттің иелері, үлгілі отбасының ардақты ата-анасы, немерелерінің сүйікті ата-әжесі, ағайынның ақылшысы. Қазіргі таңда үш ұлын өз алдарына шаңырақ еткен, текті жұртпен құдандалы болған бақытты отбасы және кенже балалары бүгінде студент атанып, Атырау қаласында білімін жалғастыруда.

Әр бөлме жайқалып өскен гүлдерге толы. Гүл алғанды жақсы көрмейтін нәзікжанды жоқ шығар, ал, гүл өсіргенді ше? Білгеніміздей, бұлар Ләйлә апамыздың өзінің баптап өсірген гүлдері екен. Келген қонақтың көзайымына айналған осынау керемет көріністің шығуына септігін тигізген апаймен тілдескенімізде, «Гүлші бір гүл өсіргенше, жүз тікеннің уын жұтады» деген мақал ойымызға оралды.

img_5382

- Өзім гүл өсіргенді ерекше жақсы көремін және көп жылдан бері айналысып келемін. Одан бөлек, аулада бау-бақшамыз бар. Барлығына да күнделікті күтімін жасап тұрамын. Бөлме гүлдері аса қамқорлықты қажет ететіндіктен, әрқайсысына мұқият назар аударып, кейде олармен сырласып та аламын. Қазіргі уақытта шефлер, драцена, молочай, кротон (кодиеум), фикус каучуконосный, золотой ус және т.б бөлме гүлдерім өсуде, - дейді кейіпкеріміз Ләйлә апа.

Көпке үлгілі болған отбасының ауладағы бақшасы да жайқалып тұр. Алма, алмұрт, шие, қарақат, өрік, қара өрік секілді жеміс ағаштары, қызанақ, қияр, пияз, қызылша, қырыққабат тағы басқа да көкөніс дақылдары бақшаның сәні дерсіз.

img_5374

- Бұл маңнан «жеміс-жидек ағаштарын, көкөніс дақылдарын өсіру мүмкіндігі төмен, тіпті өспейді» деген адамдар да аз болмады. Расымен, біздер алғаш осы үйге көшіп келген жылы үйдің маңы тегіс болды. Бірақ біз алған бетімізден қайтпадық. Кейіннен Махамбет ауданының, Алмалы ауылынан «КамАЗ»-бен бірнеше мәрте арнайы топырақты да алдырдық. Қиюын келтіріп, бабын тапсаң, кез келген шаруаны жасауға болады, - дейді апамыз.

Иә, саналы ғұмырын әскери қызметке арнаған ардагер Нұрасбек аға мен оның жұбайы Ләйлә апамыздың  өмірі мен еңбек жолы – кейінгі жастарға үлгі, отансүйгіштікке тәрбиелеуге нақты мысал.

Әділбек СЫРЫМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521