Астананың 20 жылдығына арналған коллекциялық монетаны айналысқа шығару туралы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2018 жылғы 20 маусымда номиналы 5000 және 500 теңгелік, күмістен және номиналы 100 теңгелік, мельхиор қоспасынан «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан Астананың 20 жылдығына арналған «Астана 20 жыл» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады.

«Астана 20 жыл» монеталарының сипаттамасы Күмістен және мельхиор қоспасынан жасалған монеталардың бет және сырт жақтарындағы бейнелер бірдей. Монеталардың бет жағында (аверсінде) Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Монеталарды айналдыра тиісті монеталардың номиналын білдіретін «5000 ТЕҢГЕ», «500 ТЕҢГЕ», «100 ТЕҢГЕ», мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және ағылшын тілінде «REPUBLIC OF KAZAKHSTAN» деген жазбалар орналастырылған. Күміс монеталарда тиісті монета соғылған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 1kg» немесе «Ag 925 31,1g» деген жазбалар бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) Астананың әйгілі ғимараттарынан коллаж орналастырылған. Жоғары бөлігінде «АСТАНА» деген жазба және аспанның стильдендірілген бейнесі (күміс монеталарда голографиялық бейне) бар. Төменгі бөлігінде ұлттық ою-өрнектің бейнесімен (күміс монеталарда голографиялық бейне) толтырылған «20» деген санның стильдендірілген бейнеленуі, «ЖЫЛ» деген жазба және Қазақстан Республикасының астанасы құрылған жылды және монета соғылған жылды білдіретін «1998-2018» деген жазба орналасқан.

Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры (гурты) бедерлі. Номиналы 5000 теңгелік монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 1 килограмм, диаметрі – 100 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 200 дана; Номиналы 500 теңгелік монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 2000 дана; Номиналы 100 теңгелік монеталар (МН 25) мельхиор қоспасынан жасалған, массасы – 11,17 грамм, диаметрі – 31 мм, дайындау сапасы «brilliant uncirculated», таралымы – 30 мың дана.

Номиналы 5000, 500 теңгелік және 100 теңгелік коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Коллекциялық монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

Монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. «Proof» сапасымен жасалған күміс монеталар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. «Brilliant uncirculated» сапалы мельхиор қоспасынан жасалған монеталар сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған. Монеталар қаламыздың Уәлиханов көшесінде орналасқан Ұлттық Банкінің Атырау филиалында сатылады. Анықтама үшін телефоны: +7 (7122) 55-65-14

Бибігүл КЕНЖЕБЕКОВА,

ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалы қолма-қол ақшамен жұмыс бөлімінің

бас маман – экономисі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521