Бүркіт жардағы бәйге аудан тойына арналды

Ауданның 90 жылдығына орай Исатай ауданында қолға алынған «Менің ауылым» жобасы Жанбай ауылында жалғасын тапты. Бұл шара бұған дейін Зинеден ауылы мен Қызыл үй елді мекенінде болып өткен-ді.

Жұма күні бесін ауа аудан тұрғындары «Бүркіт жар» аталып кеткен Жанбай ауылының бергі маңын бетке алды. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер салтанат құрған мәдени-көпшілік шара көптің көңілінен шықты. Шараның беташар сөзін сөйлеген ауыл әкімі Д.Есмұханов тұрғындарға жылы лебізін арнап, дүбірге үн қосқалы жиылған дүйім елге мерекелік көңіл-күй тіледі. – Ауылымызда ұлттық өнер мен салт-дәстүрді насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Солардың ішінде спорттық сайыстар, қазақтың қанына сіңген ұлттық брендіміз саналатын айтыс өнерін әспеттеу мақсатында ұйымдастырылған өнер кештері тұрғындарға тамаша тарту бола алды. Дәстүрімізді жаңғырту, бабалардан мұра болып бүгінге жеткен ұлттық құндылықтарымызды кейінгі ұрпақ санасына сіңіруді мақсат тұтқан бүгінгі шарамыздың да маңызы зор деп есептеймін, - деген ауыл әкімі боз кілемде бақ сынағалы тұрған палуандар мен басқа да спортшыларға, бәйгеге ат қосқан шабандоздарға сәттілік серік болғай деген тілегін жеткізді.

- Осы шараны ұйымдастырып жатқан ауыл әкімі мен бастаманы қолдап, оған демеушілік жасап, көмектерін қылған ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалық иелеріне, барша тұрғындарға ауыл ардагерлері атынан ризашылығымызды білдіреміз,-дейді келесі сөз кезегін алған ауыл ардагері А.Ибатов.

Сондай-ақ ол бәйгеде бағын сынағалы келген жігіттерге жеңіс, көпшілікке қасиетті рамазан айында айтылған игі тілектердің қабыл болуын тіледі. Ақын А.Есекештің оқыған арнау өлеңі де ауыл халқына айтылған ерекше лебіз болды. Жанбайлық «Әжелер» ансамблінің орындауындағы әсем әнмен ашылған дүбір ұлттық ойындармен жалғасты. Алдымен «менмін» деген мықтылар кір тасын көтеруден сынға түсті. 16 келілік кір тасын қос қолдап көтеруден жарысқа шыққандардың осалы жоқ, бірінен бірі асып түсіп жатты. Қос темірді төбесінде ойнатқан жанбайлық Н.Умаров тасты 80 мәрте көтеріп, қарсыластарын қапы қалдырды. Одан кейінгі орын темір шарды 65 рет көтерген Ө.Тілеповке бұйырды. Үшінші орынға М.Досқалиев тұрақтады. Тартысқа толы қол күресі де кештің көркін қыздыра түсті. Қорытындыда бірінші орын жанбайлық Б.Шұғаеповқа бұйырса, Ф.Қожантаев екінші, А.Марксов үшінші орындарды бөлісті. Бұл екі жарыста жеңімпаздарға ұялы телефондар тарту етілсе, қалған жүлдегерлерге естелік сыйлықтар табысталды. Білегін түрініп, боз кілемге шыққандардың да осы қалайы жоқ. Қазақ күресінде күш сынасқандардың алды ірі додаларда ел намысын қорғап жүрген тәжірибелі спортшылар болса, нар тәуекел деп солармен белдесуге бел буған азаматтарға да дүйім ел қолдау білдіріп, «бәрекелді» десіп жатты. Барлығы 9 палуан белдескен бұл бәсекеде аққыстаулық Әбу Елшат алдына қара салмай, жеңімпаз атанып, арнайы диплом мен 15 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Екінші орынды еншілеген Р.Әділхорға 10 мың, үшінші орын бұйырған Р.Аманбаевқа 5 мың теңгеден бұйырды. Қой көтеруден қайраттылық танытқан жігіттер Исатай балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бокс бөлімінің жаттықтырушысы А.Өтегеновке жол берді. Көпті мойындатқан спортшыға көтерген қойы тарту етілді.

Дүбірдің негізгі бөлігі тай жарысы мен топ бәйгені асыға күткен көрермен бұл сайыста нағыз қызықтың куәсі болды. Жанбайлық жеті тай топқа түскен тай жарысында мәреге дара келген А.Омаровтың торы тайына (шабандозы Д.Хисмеденов) 30 мың теңге ақшалай сыйлыққа қоса 1974 жылы туған жанбайлық азаматтардың бас бәйгеге тіккен тайы тарту етілді. Қатарласа шапқан қос тайдың ішінен мойны озық келген С.Қуанышбековтің «Ботагөзі» (шабандозы Е.Набидоллаев) екінші орын алып 30 мың теңгелі болса, Д.Губашев баптаған қоңыр тай (шабандозы Е.Жәрдемов) үшінші орынды місе тұтып, 20 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Делебені қоздырған топ бәйгеде 12 шақырымға шапқан 10 аттың ішінен жанбайлық Н.Ерғазиевтың аты (шабандозы Р.Қойшығали) жүйріктігін дәлелдеп, топ жарды. Ал, зинедендік А.Шамаровтың тұлпары (шабандозы А.Әлмұратов) екінші келсе, Тұщықұдық ауылының тұрғыны С.Аруовтың аты (шабандозы А.Жанұзақ) мәре сызығын үшінші болып кесті. Айта кетейік, бұл бәйгеде бірінші орынға 100 мың, екінші орынға 50 мың, үшінші орынға 30 мың теңгеден жүлделер тігілген болатын. Шара соңында рамазан айының оразасын ұстаған ағайынға киіз үйден ауызашар берілді.

 

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521