Бейбіт елдің ертеңімін!

Мен Берхат Айбекұлы, дүние есігін ашқаннан-ақ Тәуелсіз Қазақстанда өсудің артықшылықтарын көріп келемін.

Бейбіт елде өміріме азық боларлық білімімді алып, жаңа Қазақстанның жаңашыл істеріне куә болудамын.

Менің ойымша, Тәуелсіз мемлекет атанып, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге туылып, бірге өсу үлкен сынақ деп ойлаймын. Тарих беттерін парақтасақ, бодандықтан арылған күннен осы кезге дейін, яғни мен туылып өскенше, еліміз талай қиын кезеңдерден өткенін байқаймын. Бар тірлікті жаңадан бастаған мемлекетіміздің алдында көптеген асуларды бағындыру қажет болды. Жаңа үкімет құру, заң қабылдау, жұмыссыздық, халықтың хал-ахуалын арттыру, ел экономикасын дамыту секілді алуан белестер өту кезеңдері тұрды. Талайдың тезінен қаймықпаған халқымыз бұл асу мен белестерді де абыроймен басынан өткерді. Қазақ тілінің тұғыры ерекше мәртебеге ие болды. Білім ошақтарында жаңа жүйе бойынша білім қуып, жаңа басылған оқулықтармен оқыдық. Жаңашылдықтарға тап болып, оларды еңсеру жолын ұстанған еліміз міне, бүгінде әлем таныған қауқарлы мемлекет. Өзім тұратын кішкентай ауылда да еліміз егемендік алғалы бері біршама оң өзгерістер орын алды. Ауылда жарық бар, көгілдір отын түгелдей тартылған, 5-6 жыл турасында таза су да келіп, жағдайымыз түзелді. Жұмыссыздық деңгейі де орташа, бір үйде бір асыраушы болса да еңбекпен қамтылғаны қуантады. Өзім де жоғары білімді маманмын, ел ертеңі үшін Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде дербес Қазақстанның дамуына үлес қосу, біздің елдің бетке ұстар азаматы болу – менің басты арманым. Осы арман жолында еш аянбаймын. Осы ретте, ерекше қарқынмен өркендеп келе жатқан мемлекеттің мерейін көтеріп, байрағын желбіретер Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары екені айқын. Сол себепті де біз мұндай мәртебелі іске әрқашанда әзірміз.

Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!

Берхат АЙБЕКҰЛЫ,

Тәуелсіздіктің құрдасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

AQPARATPRINT