Алаш жұртының асқақ айбары, қазақтың алтын тұғыры – ару қала Астана 20-ға толды. Тарих үшін бір-ақ сәт. Бірақ мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарысқан бүгінгі заман, бүгінгі қоғам үшін аз уақыт емес.
Қалай болғанда да, осы уақыт өлшемінің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбегінің нәтижесінде әлемнің атақты астаналарымен салтанат жарастырып, сұлу көркімен де, көлемімен де иық тіресіп, бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қаласы қалыптасты.
Астана - ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап кеткен тәуелсіздіктен тамыр тартып, болашаққа бастаған құтты қоныс. Елбасымыздың сөзімен айтқанда: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар». Астанада болғанымызда бетегесін самал тербеген Сарыарқаның төсіндегі еркелеп аққан Есілдің жағасымен жүріп, күн өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеген Астананың 20 жыл ішінде қалай өзгергеніне таң қалыстық. Шаһар Отанымыздың астанасы ғана емес, оның өрлеуінің, толассыз дамуының басты отарбасы, негізгі көрсеткіші секілді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтасқан Астананың 20 жылдығына орай ел көлемінде мерекелік шаралар өтуде. Соның бірі сәуір айында Атырау қаласында Атырау облысы әкімдігі, Атырау облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Ардагерлер ұжымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық филиалы ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және жас ұрпақты адамгершілікке, рухани тазалыққа, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу, ел арасында бата берушілерді насихаттау мақсатында ұйымдастырған «Батаменен ел көгерер» атты бата беруші ардагерлердің Батыс аймақтық ашық байқауы болды. Мен осы сында І орын дипломымен марапатталдым, бұл өзімнің бас қаламыздың мерейтойына қосқан үлесім деп есептеймін.
Рухани жаңғыру бағдарламасы іске асырылып жатқан жылы елорда тойымен бірге ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы тұстас келіп отыр. Осы орайда ауылымызда оң өзгерістер барын айтсам болады. Бір көшенің атын «Елорда» деп атауды ұйғарып, тиісті орындарға ұсынып отырмыз. Ауылымызға кірме жол салынып, ауылішілік жолға асфальт төселіп жатыр. Тағы бір сүйінішті іс - 100 балаға арналған балабақша да бой көтеруде. Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады деп сенеміз. Келешегің жарқын болсын халқымның ақ ордасы, көркейіп, биіктерден көріне бергейсің! Бата дарып, бақ қонған, ақылы асқан, ықыласы тасқан, Қыдыры қиялаған, періштесі ұялаған, қолындағы туы ары болған, әділдігі ұрпақтарына нәрі болған, елдікті, бірлікті ақ батасымен жарылқаған – Қазақ деген қасиетті еліміз аман болсын! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, Бейбітшілік заман болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, Елбасымыз дені сау, ұзақ ғұмырлы болсын! Астананың 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Уахит ӘДІЛОВ,
Забурын ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинеден ауылы