Бір жасыңызбен!

Наурыз айы - қазақтың жаңа жылы, қазақтың көп мерекесі тойланатын ай. Бұл уақытта адамдар өткен жылға деген өкпені ұмытып, жаңа жылға жақсы ниетпен қадам басады. Жасы үлкен адамдарға құрмет көрсетіліп, арнайы көріседі.

Көрісу – тәрбиеге мән берген, сыйластыққа жол берген, бауырмалдыққа қол берген, үлкенді қадірлеуді жөн көрген қазақтың кемел ойынан дүниеге келген берекетке бастар қарекет.

Көпшілікті татулыққа, бірлікке шақыратын көрісу күніне арналып, аудан орталығында «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан әкімі Полымбет Хасановтың қатысуымен «Жалын» мәдениет үйінде өткен мерекелік шараға үлкенді-кішілі аудан тұрғындары жиылды. Мәдениет үйінің кіреберісінде келушілерге арналып қазақтың ұлттық тағамдары наурыз көже мен бауырсақ ұсынылып, көпшілік дәстүр бойынша қол алысып, құшақтасып, көрісті.

Шара шымылдығы мәдениет үйі өнерпаздарының театрландырылған қойылымымен ашылды. Көрісу рәсімінің жөн-жоралғылары жасалған қойылым барысында өнерпаздар, кішкентай бүлдіршіндер кезек-кезегімен өлең шумақтары арқылы көрісу мейрамының маңыздылығына тоқталды. Көрісу дәстүрінің тарихы туралы көптеген құндылықтар көрсетіліп, тәрбиелік мәні бар ұлағатты әңгімелер де айтылды. Бұл бір жағынан қазақтың ата-бабадан мирас болып сақталып келе жатқан үрдісін кейінгі ұрпаққа кеңінен дәріптеу болды.Төрге жайғасқан ақсақал елдің тыныштығын, халықтың амандығын тілеп, ақ батасын берді. Бұдан кейін сахнаға аудан әкімі Полымбет Хасанов көтеріліп, төрдегі ақ кимешек киген әже және көнекөз қариямен иық тіресе көрісіп, жиылған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

Сахнаның сәнін келтірген өнерпаздардың қай-қайсысы да бір-бірінен қалыспай, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлай алды. Қазақы нақыштағы «Елге сәлем», «Жақсы адамдарым», «Қазақ жастары», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Наурыз көктем» әндері шырқалып, өнерпаздар концерттің шырайын кіргізді. «Мен қазақтың баласы» әнін орындаған мәдениет үйінің өнерпазы Болатбек Нұрбайұлы сахнаға шыға сала, үйлесімді қимылымен көпшілікті бірден баурап әкетті. Қос аяғымен еденді тепкілеп билеген әншіге қарап, кейбір әжелердің «мына бала еденді сындырады немесе аяқ киімі жыртылады» деп, әзілдеп күліп жатқанын құлағымыз ести қалды. Әннің ырғағымен ақсақалдар да орындарынан көтеріліп, әжелерді биге сүйреп, думанды кешті одан әрі қыздырды.

Ал, аққудай болып аппақ көйлек киген қыздар квартеті сахнаға шыққанда, көктемгі сұлулықтың бейнесін көргендей әсер алдық. Олар нәзік дауыспен «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әнін орындап, расымен де көрерменді қайран қалдырды. Ән жүрекке жеткені сонша, кейбір үлкендердің көзіне жас алдырмай қоймады.

Аққыстау орта мектебінің 1-сынып оқушысы Малика Нұржанқызының орындауындағы «Анашым» әні көпшілікті тәнті етті. Перзентінің орындауындағы бұл ән ана жүрегін тебірентіп әкетсе керек, залда отырған оның анасы Салтанат Саменова сол күйі орнынан тұра қалып, әсем әнді қосыла шырқады, бауыр еті баласына қарап, қайта-қайта жымия қол бұлғайды. Бұны байқаған жұртшылық ана мен перзент арасындағы риясыз махаббатқа риза болып, ән аяғына дейін тамсана қараумен болды. Ән аяқталысымен тәтті әсерден жаңа ғана естерін жиғандай болған көпшілік ду етіп, қол соқты.

Тамаша кештің куәсі болған ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, ұйымдастырушылар мен аудан өнерпаздарына ерекше ризашылықтарын білдірді.

«Көрісу - батыс өңірі тұрғындары үшін айрықша маңызға ие амал мерекесі. Бұл күн тірлігі шаруашылықпен байланысқан халық үшін табиғат мейрамы, яғни жер аяғы кеңитін, қайта жаңаратын көктем мерекесі. Екіншіден, ақ тілектер ақтарылатын адал жүректердің мейрамы. Ағайын-туыс, ауыл-аймақ жұртының арасындағы туыстық қарым-қатынасты нығайтатын, ренішті ұмытып, араласуға шақыратын имандылық мейрамы. Барша ауылдастарды жаңа жылдың келуімен, көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барша отбасына береке, молшылық тілеймін. Бір жастарыңызбен!» - деді, ардагер Самат Қабделов сөз аяғында көпшілікті құттықтап.

Қазақылықтың иісі бар салт-дәстүріміз көрініс тапқан шарада кішкентай бүлдіршіндер үлкендерге көрісіп, мәре-сәре болды.

Берікбол ҚОНАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521