Бірлігі жарасқан елден береке қашпайды

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде кең көлемде аталып өтіледі.

130-дан артық этнос өкілдерінің ортақ Отанына айналған Қазақстан бұл күнде көп ұлттың басын біріктіріп, бейбітшілік пен келісімде, татулық пен бірлікте өмір сүрудің жолын тапқан ел ретінде әлемге әйгілі. Түрлі ұлт өкілдері елімізге әртүрлі жағдайларда келді. Соңғы кезде өзге ұлт өкілдерінің арасында Қазақстанға депортацияланған халықтардың тоқсан пайызы аман қалғанын алға тартып, ризашылықтарын білдіретіндер аз емес. Ол кезде қазақ халқының да тұрмыс-тіршілігі сын көтеретін жағдайда болмағанын білеміз. Алайда, қонаққа құрметпен қарайтын қанымызға сіңген қасиеттен болар, аталарымыз қиналып келгеннің бәріне қолұшын беріп, қолдан келгенше жәрдемдесті. Кейде «Құдай пейілімізге беріп, өзгеге жасаған жақсылығымызды өзіміздің алдымыздан шығарып жатыр ма?» деп те ойлайсың. Қазір бабалар аңсаған азаттыққа қолымыз жетті, жарата білсек, байлығымыз да аз емес. Жалпы бір елдің азаматтары тату-тәтті өмір сүруі мүмкін болмай жатқан заманда, бір шаңырақтың астында 130-дан астам ұлттың бейбіт ғұмыр кешуін ерлікке пара-пар тірлік деп бағалауға болатын шығар. 

Бірлік күні мерекесінің аталып өтілуі ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың феномені – Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрылуымен байланысты. Бұл саяси маңызы зор құрылым әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсете отырып, ішкі саяси тұрақтылықты, шынайы достық қарым-қатынастар мен ұлтаралық татулықты қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы ауданымызды өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңір дей алмаймыз. Алайда, «Бірлік» ұғымына терең үңілсек, қанша ұлт өкілі болғандығына қарамастан, бірліктің маңыздылығын, қажеттілігін сезінеріміз анық. Сондықтан 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі ауданымызда да жыл сайын жоғары деңгейде тойланады. Биыл да мерекеге орай салтанатты шеру ұйымдастырылып, тұрғындар аудан орталығындағы И.Тайманұлы ескерткіші орнатылған орталық алаңға жиналды. 

Мерекелік шеруде ауданның өркендеуіне үлес қосқан сала ардагерлері, бір топ ауданның «Құрметті азаматтары» бастап, Е.Қазақстан көшесінің бойымен сап түзеп жүріп өтті. Сондай-ақ шеруге аудан әкімі және аудандық мәслихат, Аққыстау ауылдық округі әкімі аппараттары, білім беру мекемелері, құқық қорғау органдары, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, «Атырау жарық» және «Қазақтелеком» АҚ, Исатай газ шаруашылығы, «Атырау  Су Арнасы» КМК аудандық филиалы қызметкерлері мен депутаттар, дәрігерлер, спортшылар, мәдениет саласы қызметкерлері қатысты. Шеруге қатысушы мекеме-кәсіпорындардың саптары жүріп өткенде олардың тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері мадақталып отырды.

Аудан әкімі Полымбет Хасанов тұрғындарды мерекемен құттықтап, елге амандық, бірлік, татулық тіледі. Алаңға жиналған көпшілік те көтеріңкі көңіл-күймен бір-бірін мерекемен құттықтап жатты.

Аққыстау ауылының тұрғыны Бақтықожа Мұқатов: -Бірлігіміз, ынтымағымыз жарасып, қуанышты күндеріміз көп болсын! - деген тілеген жеткізді.

Атаулы мерекеде аудан өнерпаздары ұсынған көк тудың астында бірнеше ұлттың бейбіт ғұмыр кешіп жатқан мамыражай тірлігінің көрінісі ретінде «Ынтымақ – достық кепілі» атты концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. 

Нұрболат НҰҒМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

БІРІҢҒАЙ МЕМЛЕКЕТТІК БАЙЛАНЫС

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521