Тұщықұдық ауылында тұратын Айбас ауылының фельдшері Алуаш Қайыржанова үшін құм өңірін аралап қайту қалаға барып келгеннен қиын шаруа емес.
Өйткені, оның атқаратын міндеті һәм арқалаған аманаты – құмда қоныс тепкен шаруалардың денсаулығы. Алақандай ауыл не тақтайдай жолмен жүйткіп жетіп баратын қаланың іші емес, шалғайдағы ала құмға жедел жәрдем қызметін көрсету ең алдымен жүректілікті қажет ететіні сөзсіз.
Айбас құмы мен ондағы тұрғындар - Алуаш үшін тым ыстық. Өйткені, оның өзі де шаруа отбасында дүниеге келіп, жастайынан атакәсіптің қыр-сырын біліп өскен жан. Әулеттегі 5 ұл, 5 қыздың бірі болып тәрбиеленген ол 1990 жылы мектеп бітіріп, Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түсуге талпынғанымен, жолы болмапты.
- Шынын айтсам, ата-анамның қасынан шықпағандықтан болар, сол оқуға түсе алмағаныма қуанып, ауылға қайтып келдім. Ауылға келіп Есіркеп фельдшерлік-амбулаториялық пунктіне кіші қызметкер болып жұмысқа орналастым. 1991 жылы Гурьев медицинасына емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға тусіп, оны 1994 жылы бітіріп, сәуір айында Шыныбек фельдшерлік-амбулаториялық пунктіне фельдшер болып жұмысқа орналастым, - дейді ол алғашқы еңбек жолы жайлы сұрағанымызда.
Кеңшар тарағаннан кейін Айбас, Бегайдар елді мекендері мен Қызыл үй ауылында үш пункт қана қалыпты. Сол кездері Бегайдар учаскесінде фельдшерлік қызмет атқарып келген ол кейін 2006 жылдан күні бүгінге дейін Айбас елді мекені аумағында қызмет атқарып келеді.
Алуаш Қайыржанова денсаулық сақтау саласына кездейсоқ келе қалған жан емес. Тіпті дәрігер болу оның бала күнгі арманы десек те қателеспейміз. «Ол кезде ата-анамыз далалықта мал бағады. Және кіндік шешем де қазіргі өзім сияқты фельдшер болыпты. Ол уақытта дәл қазіргідей жағдай жасала бермейтіні белгілі. Мен өмірге келерде әлгі дәрігер анамды ауылдағы аурухана су таситын көлікпен жеткізген екен. Кейін сол дәрігер «Менің жолымды қуған фельдшер болсын» деп менің сыртымнан тілек етіпті. Анам бұл жайлы жиі айтып отыратын. Бәлкім анамның сол сөздерін сәби күнімнен санама сіңіріп өскеннен шығар, дүниеге келуме жәрдемдескен дәрігер апайдың тілегі қабыл болды» дейді ол. Бүгінде Айбас елді мекеніндегі пункт жабылып, аталған аумақ мекен-жайсыз болып қалды. Кезінде мыңнан асқан адам тұрған елді мекенде күні бүгін тұрғындар саны да азайған.
– Міндетімде барлығы 52 үй, 325 адам, оның ішінде 58 отбасы, бір жасқа дейінгі 4 бала бар, - дейді фельдшер. – Алыс елді мекен болған соң әртүрлі жағдайлар кездесіп жатады. Әсіресе, жүкті аналармен жұмыс жасаудағы мәселе бір бөлек. Қиындықтар туындамас үшін күні жақындаған әйелдерді алдын ала ауылға әкеліп, бақылауда ұстауға тырысамыз. Онымен бір аптадан соң бала мен өзінің денсаулығынан бұрын ауылдың күнделікті күйкі тірлігін ойлайтын кейбір аналарымыз қайтадан құмнан бір шығады. Содан күні тақалғанда ауылға қайтып әкелу үшін жанұшыра шабамыз. Орталыққа ауру жеткізу кезінде қыстың қарлы, боранды күндері немесе жауын-шашынды уақыттарда оңай болмайды. Айбастан ауру алып келе жатып, Қызыл үй ауылына жете бергенде одан бергі жол балшық болып шығып, Нарын ауылымен айналып келуге мәжбүр болған күндеріміз де болды, - дейді маман.
Айбас құмының аудан аумағындағы шегі Тұщықұдық ауылынан санағанда 230 шақырымдық жер. Ал ондағы бір-біріне ең жақын деген үйлердің өзінің арақашықтығы 3-5 шақырымның шамасы. Ал, аумақтағы үйлерді толықтай аралап шығу үшін Айбас елді мекенінің өзінде 1 мың 200 шақырым жол жүруің қажет. Оған толық екі күн уақыт кетеді екен. Осылайша фельдшер елді мекенді айына бір немесе екі рет аралап тұратынын айтады. Аурулардың алдын алу мақсатындағы айлық егіс үшін жасалатын жоспарлы жұмыс тағы бар. Жедел жәрдемге шақырту келсе, уақытқа да, күннің райына қаралмайтыны да белгілі. «Жедел шақырту хабары түскеннен кейін науқасқа 5 сағаттың ішінде жетсек, оны алып ауылға жеткенше жағдайларға байланысты жолға 12, тіпті 17 сағатқа дейін уақыт жұмсаған кездеріміз болды. Олардың ішінде инфаркт, инсульт алған, соқырішек дейсіз бе, басқа да түрлі науқастар кездесіп жатады» дейді дәрігер. Тіпті жол бойы қабылдаған ем-домнан кейбір науқастардың орталыққа жеткенше жақсарып қалатын кездері де кездесіпті. Ондайда науқасты тексерістен өткізген мамандар қан қысымының қалыпқа келгеніне немесе жағдайының тұрақталғанына таңырқаған мамандар да болыпты.
- Кейбір науқастарды тәуекел етіп жолға алып шыға алмаймыз. Ондайда оларға алғашқы көмек көрсетіп, кері қайтамыз да, сараптама қорытындысын анықтатып, қажетті дәрі-дәрмегімізді алып бір күннен кейін қайта жолға шығамыз, - дейді Алуаш Қайыржанова. Құмның қай жолы қайда апаратынын көзін жұмып отырып-ақ айта беретін Алуаш үшін темір тұлпарды тізгіндеу де мәселе емес. «Көлік жүргізушінің де ұзақ жолдан көз алмай отырып шаршайтыны белгілі. Не де болса, науқасты тез жеткізу қажет. Сондай кезде жүргізушіні науқастың қасына отырғызып, көлікті өзім жүргізуге тура келеді» дейді фельдшер. Көлік бұзылып, далада қалған кездерде жүргізушімен жағаласып жүріп, оны жөндеуді де үйреніп алғанын естіп, таңғалдық.
Алуаш Қайыржанова осыдан бір жыл бұрын түрлі себептермен жеке клиникаға ауысып, онда алты ай шамасында қызмет етті. Сол кезде айбастықтардың өз дәрігерлерінің қайтып келгенін қалайтынын айтып басшылыққа біраз өтініш жасағанын білеміз. Әкімдердің есеп беру жиындарында, кейін жазбаша түрде ұсыныс білдірген ауыл халқының тілегі де өздеріне лайықты маманмен қауышу еді. Сөйтіп, Алуаш былтырғы сәуір айынан бастап, бұрынғы жұмысына қайта кірісті.
– Құм халқы өз отбасым секілді. Басқа жұмыста жүрген алты айдың ішінде Айбас халқының жағдайына қатты алаңдайтынмын. Шынымды айтсам, жұмыс ауыстырғаныма өкініп те жүрдім. Соны Алла ескерді ме, халықтың ұсынысын қабылдаған аудан басшылығы өзімнің сүйікті жұмысыммен қайта қауышуыма тағы да бір мүмкіндік сыйлады, - дейді Алуаш Қайыржанова.
«Арада алты ай өткен соң жұмысқа қайта кірісіп, жолға шықтық. Қызыл үйден аса бере көліктен түсіп, қанша жылдар бойғы ізіміз сайрап жатқан кең далама көз тастадым. Қатты сағынып қалыппын. Көзімнен домалаған сағыныш пен қуаныштық ыстық жасы құм бетіне аунап түсті» дейді Алуаш.
Айбас та оны сағынған. Өйткені, дәрігер көп шығар, бірақ, дәл ол секілді жауынгер маман, дала дәрігері жоқтың қасы.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ